Шардара аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековпен Сұқбат

– Аға, өткен аптада елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс Х съезіне барып келгеніңізді білеміз. Жалпы облыстан қанша делегат барды? 

– Съезге еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам делегат қатысты. Түркістан облысынан 5 делегатты облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы  Б.Ізмұханбетов бастап барды.

– Енді съез туралы кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Жалпы съездің мақсаты 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсыну болатын. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов съездің ашылуында былай деді: «Қазіргі жағдайды геосаяси ахуалға байланысты қарастыратын болсақ, Президенттің өкілеттігін 7 жылға дейін ұзарту – дұрыс шешім, батыл қадам деп ойлаймын. Кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысын да қолдаймын. Еліміздің болашағы – балаларымыз бен немерелеріміз үшін елімізде тұрақтылық болуы керек.

Мемлекет басшысы алға қойған бағдарламаларын орындау үшін 7 жыл – өте қолайлы кезең, Президент бастаған реформаларды жүзеге асыруға жеткілікті уақыт.

«Реформаның жолы ешқашан жеңіл болған емес. Еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін жаңа сенім мандаты қажеттігін, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятынын және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін айтты. Президент мандатының ұзақтығын қайта сайлануға тыйым салынатын 7 жылдық бір мерзіммен ғана шектеуді ұсынды. Бұл болашақта билікті меншіктеп алудың кез келген әрекетінің алдын алады. Мемлекетіміз үшін маңызды саяси науқанға біз ардагерлер үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазіргі уақытта Президент ұсынған реформаларды қолдау еліміздің болашағы үшін аса маңызды», – деді Б.Ізмұхамбетов.

Съезде Ардагерлер ұйымы ҚР президент сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлының кезектен тыс сайлау өткізуі туралы өзіңіздің ойыңызбен бөліссеңіз?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс сайлау өткізуді ұсыну арқылы ел басқарушыны таңдап алуды дауысқа қойып отыр. Елімізде білімді, көзі ашық, ұлтжанды азаматтар аз емес. Президенттікке кандидат болғысы келетіндер де әрқашан табылады. Мәселе билік басына ұмтылуда емес, саяси салмақта. Алдағы сайлау – бұл жай ғана Президентті таңдау емес, жалпы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саясатының бағыттарын анықтауға бағдарланған саяси қадам болмақ.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Бекжұма Нарбай.