Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қазан айында жыл сайын елімізде «Қарттарымызды қамқорлап жүрейік» айлық акциясын өткізу дәстүрге айналған.

Сол дәстүрімізді жалғастырып, ардагерлер аналарымыз бен әкелеріміздің өмір жолын жастарға үлгі-өнеге етіп көрсету мақсатында аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлзакира Исаева Шардара мектеп-лицейінде адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Гаухар Шамеевамен бірлесе отырып, «Қарттарымызды қамқорлап жүрейік» атты айлық акциясын өткізді.

Шараны Гүлзакира Дауланбайқызы ашып, жүргізіп отырды.

Акцияда аудан әкімі Қ.Жолдыбайұлының анасы Теңге Өтешова апайымыз, «Құрмет» орденінің иегері, ардагер ұстаз Жамал Өтегенқызы, «Ақ әжелер» ансамблінің негізін қалаған, батыр ана Жарылқасын Ізбайқызы, ақын, ардагер ұстаз, «Әкелер мектебі» қоғамдық ұйымының төрағасы Нұрғали Ыбырайым, сонымен қатар ардагер ұстаздар – Анар Мошқалова, Есенкүл Нұртаева, Орал Сүлейменова, Оразкүл Мірәлиева, Айсұлу Боташева, Күлайша Бейсенова, Ақілгек Мұсаева апайларымыз арнайы қонақ болды.

Аталған шара керемет кітап көрмесін тамашалаудан бастау алып, «Қарттарым аман-сау болсын» атты тәрбие сағатымен, «Отбасы – бақыт мекені» психологиялық тренингпен, «Қарттарым – асыл қазынам» атты дөңгелек үстелді қамтыды.

Шарада алғаш сөз алған Жамал Өтегенқызы: «Қайсыбір үйде қарт болса, сол үйде береке бар. Өйткені жастардың тәрбиесі, өнегесі, бәрі де сол кісілердің әсері. Күнделікті жол көрсетіп, ақыл беріп отыратын солар. Сондықтан да ата-аналарыңды сыйлаңдар, балапандарым. Сендер ата-аналарыңды сыйласаңдар, сендердің болашақ балаларың сендерді сыйлайтын болады. Дүние алма-кезек. Өмір бойы жас боп тұрмайсыңдар. Біз сендерге сенеміз. Бүгінгі болып жатқан іс-шарада ата-апаларыңмен әңгімелесіп, олардың ақ тілектерін естіп, рухани бай болып қайтасыңдар» - деп балапандарға жылы лебізін білдірді.

Қ.Шатаеваның жетекшілігімен өткен «Қарттарым аман-сау болсын» атты тәрбие сағатында оқушылар келген қонақтарға арнап әуезді ән орындап, жырдан шашу шашып, өздерінің салған суреттерін тарту етті. Ф.Жұмабаева жетекшілік еткен  «Отбасы – бақыт мекені» психологиялық тренинг барысында оқушылар тосыннан қойылған отбасы құндылығы, тәлім-тәрбие, сыр сақтау, өнер, мінез-құлық тақырыбындағы сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, өмірден алынған мысалдар келтіре отырып, сабақты қыздыра түсті. Қонақтарымыз да оқушылармен бірге атсалысып, тақырыптың мазмұнын аша түсті.

Ал Г.Келдібаева өткізген «Қарттарым – асыл қазынам» атты дөңгелек үстелде оқушылар ананың балаға деген махаббатын көрсететін керемет көрініс қойды. Тіпті, қонақтарымыз көзіне жас алып қалғаны жасырын емес. Сабақ барысында ауданымыздағы ардагер ұстаздардың өмірбаяны қамтылды. Сонымен қатар қариялардың тәрбие берудегі рөлі, олардың қоғамға қосып жатқан үлесі, қарттар үйі, ұрпақтар сабақтастығы тақырыбында әңгіме өрбітті.

Мәні мен мазмұны толық қамтылған сабақтар барысында қонақтарымыз кезек-кезегімен жүрек жарды ақ тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Ақын Нұрғали ағамыз балапандарға арнап жырдан шашу шашып, төл өнерімізді ұлықтап жүрген күміс көмей әнші әжелеріміз әуелете ән салды.

Өз мәресіне жеткен айлық акция «Ұрпақ игілігі – ұлы рух» атты салтанатты жиынмен қорытындыланды. Келген қонақтар оқушылармен естелікке суретке түсіп, шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.                                                                                                              

Бота Болатова.