Құрметті шардаралықтар!
Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Республика күні Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күні, яғни 1990 жылғы 25 қазан күнімен байланысты. Бұл Декларацияның айрықша рөлі – Қазақстан алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ болашағының пайымдауы бар бірегей аумақтық субъект ретінде жариялануында болып отыр.
2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс» – деп атап өтті.
2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде бүкіл халықпен аталып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды.
Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту – бұл Жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы мен ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символы.
Мерекелеудің негізгі арқауы республика мен ұлт үшін пайдалы істерге ұлтты ұйыстыру болып табылады.
Саяси үдерістер мен жаңа кезеңге бет алған Қазақстанның келешегі ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей біздің стратегиялық міндетіміз ең бірінші тұрғындардың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады.
Құрметті жерлестер!
Республика күні келешекке бағыт алған Жаңа Қазақстан үшін маңызды күн. Біз еркіндігімізді әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз.
Барша аудан халқын Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілейміз!
Аудан әкімі Қ.Жолдыбай.
Аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев.