Соңғы кездері жергілікті ақындардың жастармен, оқушылармен, жалпы алғанда оқырмандарымен кездесуі дәстүрге айналғандай. Осындай кезекті кездесу кеші күні кеше аудандық оқушылар үйінде өз жалғасын тапты.
Республика күні құрметіне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» деп аталған шараға аталған мекеме ұстаздары, ақындар мен осындағы үйірмеге қатысушы оқушылар қатысты. Нақты айтқанда, ақындар – ардагер ұстаз, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым, жыршы-термеші Әбдіғаппар Айдаров, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, жыршы-термеші Қанат Дауылбаевтар шараның құрметті қонақтары болды.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында сөз алған оқушылар үйінің директоры Сапаркүл Жиенбаева қонақтар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ақындардың оқушылармен кездесуі оларға үлкен талпыныс болатынын, бойларына қанат бітіретінін атап өтті.
Мұнан соң ақындар сөз алып, өнер жайлы, әдебиет туралы әдемі ойларын ортаға салды. Шығармашылық жолға қалай келгендерін баяндап, оқушыларға әсерлі әңгімелер шертті.
«Алғашқы өлеңдеріңіз есіңізде ме?», «Осы уақытқа дейін қанша өлең жаздыңыз?», «Өлең жазуды кім үйретті немесе қайдан үйрендіңіз?» деген мағынадағы сауал жолдаған балалардың шынында әдебиетке құмар екендігі байқалды. Өздері де қазақ ақындарының өлең-жырларын жатқа оқып, ағаларын таң қалдырды. Ардагер ұстаз Н.Ыбырайым өлең жазуға талпынып жүрген жастарға ақ батасын берді.
Кеш соңында аталған мекеме қызметкерлері мерекелік шараның маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта оқушыларға жергілікті ақындардың өлең-жырларын көптеп жаттататындарын атап өтті.
Өз тілшімізден.