Ауданымыздағы «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылғанына көп бола қоймаса да, көптеген игі істердің ұйытқысы болуда. Өзінің осындай ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіп отырған мінсіз қызметтері үшін көпшіліктің ризашылығына бөленуде.

Ардагерлеріміз бен мүмкіндігі шектеулі жандардың ем қабылдап, демалатын, денсаулықтарын түзетіп, уақыттарын тиімді өткізетін сүйікті орынға айналып үлгерді. Мұнда күнделікті келушілердің қарасы көп. Келушілер өзіне қажетті ем алумен қатар әртүрлі жаттығулар жасап, денсаулықтарын түзете алады. Спорттық жаттығулар жасау үшін құрылғылардың көптеген түрі жұмыс істейді. Сонымен қатар келушілер шахмат, дойбы, стол теннисі, бильярд секілді спорттық ойындар ойнап, көңілдерін сергіте алады.

Бұдан басқа тәрбиелік мәні жоғары көптеген іс-шаралар өтіп тұрады. Жақында осындай кезекті бір тәрбиелік мәні жоғары іс-шараның өтіп жатқанының куәсі болдық.

Осы орталықтың ұлттық салт-дәстүр және мәдени іс-шаралар бөлімінің қызметкерлері Айдын Құлбаева мен Наргиза Сайдомаровалардың сахналаған қойылымын көрдік. «Бесікке салу рәсімін көрсету, насихаттау» тақырыбы бойынша өткен қойылым өте жоғары деңгейде өтті. Ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау, бесікте өскен баланың ерекшеліктері, бесіктің ата-ана үшін тиімді жақтары мен пайдасы туралы жақсы айтылды. Қойылым барысында көрермендердің ыстық ықыласын жиі-жиі қол шапалақтап, құрмет көрсетіп отырғандарынан байқадық.

Сонымен қатар олар баланы бесікке салу кезіндегі салт-дәстүр, жасалатын жоралғыларды, бесік жырын, ана әлдиін жоғары дәрежеде орындап, көпшілікке жеткізе білді.

Осындай тәрбиелік мәні өте жоғары қойылымды көріп отырып терең ойға баттық. Шын мәнінде қазіргі жастарымыз баланы бесікпен бөлеуге құлықсыз. Оның орнына айтарлықтай зияны бар «памперс» деген бәлені күндіз-түні баланың құйрығына байлап қояды. Бұл дегеніміз жастарымыз баланың жағдайын жасауға емес, өзінің жағдайын жасауға көшкені деп білеміз.

Ежелден бері ата-бабаларымыз бесікте өсіп, тәрбиеленді емес пе?! Бесікте өсіп-ақ тәрбиеленген ұрпақтан небір батырлар, данагөй данышпандар, ел билеген билер мен хандар шықты емес пе?! Олай болса ата-бабамыздан бері мұра болып келе жатқан бесіктен жерінбейік, құрметті жастар. Қасиеті мол бесіктің қадіріне жете білейік.

Қойылым соңында ардагер ақсақалдарымыз шын ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Мұнда келушілер жалпы орталық қызметкерлеріне алғысымыз шексіз деп тарқасты. Шардара аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына күнде болмаса да, жиі келіп тұратын ардагерлердің бірі – біздер. Осындай көптеген игі істердің куәсі болып жүрміз.

Сонымен бірге мұнда ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық жарыстар жиі өтіп тұрады. Осындай жарыстарға үздіксіз қатысып отыратын Т.Ағманов, Б.Қалмырзаев, О.Ақбердиев, Т.Мырзагелдиев тағы басқа ардагер ағаларымыз бірнеше рет ауданда жеңімпаз атанып, облыстық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінгеніне қуаныштымыз.

Орталықтағы есіктен кіргеннен бастап келушілерді жылы шыраймен қарсы алып, мінсіз қызмет көрсетіп отырған қызметкерлердің барлығына алғысымыз шексіз.

Бір топ ардагерлер атынан –ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, ардагер ұстаз Зұлпыхар Оспанов.