Өткен аптаның сенбісінде ауданымызда Республика күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Жиынға аудан әкімі бастаған аппараттың толық құрамы, аудандық мәслихат хатшысы мен аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері мен өзге де мекеме басшылары қатысты.
ҚР мемлекеттік Әнұранымен басталған мерекелік шарада әуелі аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз алып, аудан тұрғындары мен қонақтарды Республика күні мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күні, яғни 1990 жылғы 25 қазан күнімен байланысты. Бұл Декларацияның айрықша рөлі – Қазақстан алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ болашағының пайымдауы бар бірегей аумақтық субъект ретінде жариялануында болып отыр.
2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс» – деп атап өтті.
2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде бүкіл халықпен аталып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды.
Саяси үдерістер мен жаңа кезеңге бет алған Қазақстанның келешегі ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр.
Құрметті жерлестер!
Республика күні келешекке бағыт алған Жаңа Қазақстан үшін маңызды күн. Біз еркіндігімізді әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз - деді Қ.Жолдыбай.
Құттықтау сөзден соң аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға мерекелік Алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, бірнеше азаматтарға мәслихат атынан марапаттар тапсырды.
Шара барысында елге танымал Мөлдір Бақытжанқызы, Айжан Таженова, Айкерім Смайылова, Жамбыл Құрбанәлиев және аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, мерекелік жиынның көркін қыздырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.