Тоқсанбай Бердібеков 70 жаста!

Құрметті Тоқсанбай аға! 

Сізді 70 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Еңбек жолыңызды Шардара ауылынан зоотехник қызметінен бастап, шаруашылық меңгерушісі, кеңшар директоры,  1998 жылдан  халық қалаулысы ретінде аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін 25 жылдай абыроймен атқардыңыз. 

Өзіңіздің ұйымдастырушылық  қабілетіңіз бен жемісті еңбегіңіздің нәтижесінде ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, әлуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өзіңізге жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, көпшіліктің ілтипаты мен құрметіне бөлендіңіз. 

Ел алдындағы еңбегіңіз ескеріліп, бірнеше медалдармен, соның ішінде  «Астана», Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, «Облыстық мәслихаттың құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталып, Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атағын иелендіңіз. Мұның барлығы да елге еткен тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білеміз.

Қазіргі таңда да аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, қарттарымызға жан-жақты қолдау мен қамқорлық көрсетіп, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып келесіз.

Алдағы уақытта да арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюы жолында абыроймен еңбек етіп,  үлгі - өнеге көрсете береді деп сенемін.

Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық,  отбасыңызға бақ-береке  тілеймін.

Құрметпен, Шардара ауданының әкімі Қ.Жолдыбай. 

 

Құрметті Тоқсанбай Бердібекұлы! 

Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз Шардара ауданының  өсіп-өркендеуі мен  көркейіп-гүлденуі жолында аянбай еңбек еттіңіз. Білікті маман ретінде өңірде мал шаруашылығын өркендете отырып, мемлекет байлығын арттыруға елеулі үлес қостыңыз. Халықпен тіл табыса қызмет атқарып, елдің мұң-мұқтажын оңтайлы шеше білуіңіздің нәтижесінде қатарынан 5 рет мәслихат хатшылығына сайландыңыз. Биліктің бір тармағы болып саналатын өкілетті органға басшылық жасай отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қостыңыз. Қызылқұм тыңын игерушілердің даңқты жолын лайықты жалғастырып, ұзақ жылғы қажырлы еңбегіңіздің арқасында көптің құрметіне бөленіп келесіз. Сізді тәжірибелі басшы, ұтымды ұйымдастырушы, елжанды азамат ретінде аудан халқы құрмет тұтады. 

Ардақты Тоқсанбай  Бердібекұлы! 

Сіз ғұмырыңызда бойға жинаған біліміңіз бен тәжірибеңізді жастарға үйрете жүріп, болашақ ұрпаққа лайықты үлгі-өнеге көрсеттіңіз, ұлағатты  ақыл-кеңес бере білдіңіз.

«Қарты бар ел – қазына» деген сөз бекерге айтылмаған. Алдағы уақыттарда да елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюы, тұрмыс жағдайының мұнан әрі де жақсара түсуі жолында ағалық ақылмен қолдау білдіре береді деп сенемін.

Сізге бүгінгі мерейлі мерекеңіз тойланып жатқан қуанышты сәтте мықты денсаулық, отбасыңызға береке, шаңырағыңызға шаттық тілеймін. Немере-шөберелердің қызығын көре беріңіздер! 

Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат хатшысы.