Өткен аптада аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес аудандық тарих, география пәні мұғалімдерінің тәжірибе алмасу мақсатында А.Иманов атындағы жалпы орта мектебінде «Тарих, география сабақтарындағы оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру» атты аудандық тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Семинарға аудан мектептерінен 30-дан аса мұғалім қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқу үдерісін нәтижелі ұйымдастыру және оқушылардың дүниетанымын, білімге қызығушылығын және ойлау, ойды жүйелеу қабілеттерін дамыту болып табылады.

Семинар қонақтарға «Тарих тағлымы – ұрпақ тағдыры» атты көрмені таныстырумен басталды. Содан кейін А.Иманов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері – Л.Еримова, Д.Сыздықова, Б.Раймұхановтар тарих және география пәндерінен ашық сабақтар өтті. Сонымен қатар Қ.Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Г.Бесбаева шебер сынып өтіп, өз тәжірибесімен бөлісті. З.Есалиева мен Б.Абызованың ұйымдастыруымен мұғалімдер арасында коучинг және психологиялық тренинг өткізілді.

Жалпы, аудандық тәжірибелік семинардың жұмысы өте мазмұнды өтті. Қатысушылар ерекше белсенділік танытып, әріптестеріне қызықты ақпараттар беріп және өз тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңы қонақтардың қатысуымен «Қазақстан – Республикам менің» атты концерттік бағдарламаға ұласты. 

Сондай-ақ, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері М.Мырзабасов аудандық семинарды қортындылап, мұғалімдерге шығармашылық табыс тіледі.

 Бекжұма Нарбай.