Кеше Қазақстанның Экологиялық қорының бастамасымен Шардара қаласындағы Майлықожа көшесінің бойынан «Жастар» аллеясының ашылу салтанаты өтті. 

Іс-шара барысында 100-ден астам ағаш отырғызылып, ескерткіш орнатылды.

Аталған шара «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөнiндегi шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» гранттық жобасы аясында ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлiгi мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ықпалымен ұйымдастырылды.

«Аллеяның дәл осы өңірде ашылуы кездейсоқ емес. Шардара – Арал өңiрiнiң экологиялық қолайсыз аумағында орналасқан қала. Ал бұл экошара көшеттері бар аллея тұрғызу арқылы белгілі бір аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, қала тұрғындарының денсаулығын сақтау және нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, қаланың экологиялық жағдайы мен эстетикалық келбетін жақсартуға, экологиялық мәдениет пен сананы тәрбиелеуге, халық арасында айналамыздағы қоршаған ортаның жағдайына жеке жауапкершілік сезiмiн қалыптастыру сияқты маңызды нәтижелерге кол жеткізуге мүмкіндік береді»- деді шараны ұйымдастырушылар.

Аллеяның ашылу салтанатына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» басшысы Ғалым Құрман, «Қазақстанның Экологиялық қоғамдық қоры» жобасының жетекшісі, президенті Айгүл Абдуалиева, аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, Шардара қаласы әкімдігінің өкiлдерi, табиғатты қорғауды мақсат тұтқан түрлі ұйымдар, жергiлiктi белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Одан кейін қонақтар «Шардара Армспорт» клубына барып, чемпион жастармен танысты. 

«Өскен өңір» – ақпарат.