Адам баласының денсаулығын арттырудағы негізгі қағида – әрбір азамат ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Мұны сөз жүзінде айтып қана қоймай, көпшілік арасында түрлі шаралар жүзеге асырылуы қажет.

Апта басында аудандық Орталық стадионда денсаулыққа кері әсерін тигізетін дүниелерден аулақ болу мақсатында аудандық орталық аурухананың ұйымдастыруымен футболдан жарыс өткізілді. Жарыс пробация қызметі бөлімінде және аудандық орталық ауруханада есепте тұратын азаматтар арасында ұйымдастырылды.

Шарада алғаш болып сөз алған пробация бөлімінің басшысы Б.Сарыбаев: «Ел ертеңі – жастар» деп текке айтпаған. Сіздерден үлкен үміт күтеміз. Бүгінгі өткізіліп жатқан іс-шара жастарға уақытын тиімді өткізу үшін жақсы ұйымдастырылған дүние деп білемін. Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану алдыңғы орында. Бүгінгі ойынға сіздер үшін тек сәттілік тілеймін» - деді.   

Турнирге 30-ға жуық азаматтар қатысып, екі команда болып жақсы ойын көрсетті. Турнир барысында командалар 20 минуттан 2 тайм өткізді. Қатысушы командалар намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша «Қыран» командасы жеңімпаз атанып, кубокқа ие болды. Ойын соңында барлық команда мүшелеріне аудан прокурорының орынбасары С.Нұрахым жақсы ойын көрсеткені үшін медальдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Спорттық шараларға жиі қатысып, команда сапында жақсы ойын көрсеткен, пробация есебіндегі «Б» және «Д» есімді азаматтар өздерінің дұрыс жолға түсуіне әлеуметтік көмек көрсеткені үшін пробация бөлім басшысы Б.Сарыбаев пен аудандық орталық аурухана басшысы Б.Әбдімәлікұлына өз алғыстарын айтты.

– Пробация қызметі мен орталық аурухана арасында жастармен жүйелі жұмыстар жүргізу, оларға психологиялық кеңес беру, жастарға ой салу, жасаған қылмысты қайталамауына септігін тигізу мақсатында ынтымақтастық меморандумы бар. Осы меморандум аясында пробация есебінде тұрған азаматтарды спорттық шараларға тартып, оларға рухани күш беру біздің азаматтық міндетіміз, – дейді аудандық орталық аурухана басшысы Б.Әбдімәлікұлы.

Жақсы өмір сүру – өз қолымызда. Уақытты тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстанайық, жастар! 

Бота Нұрполатқызы.