Апта басында Түркістан облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен Шардара аудандық мәдениет үйінде кең көлемде «Заң керуені» акциясы өтті.
Жиынға аудан әкiмi Қ.Жолдыбай, облыс прокурорының бiрiншi орынбасары Д.Сыздықов, облыс прокуратурасы 2-басқармасының бастығы Қ.Тоқсанбаев, аудан прокуроры Р.Әбдірайымов, аудандық полиция бөлімі бастығы Ш.Әбдіраманов және аудан әкiмдiгiне қарасты бөлім басшылары, мемлекеттік қызметкерлер мен тұрғындар қатысты.
Шарада алғаш болып сөз алған аудан әкімі Қ.Жолдыбайұлы: «Бұл акцияны өткізудегі басты мақсатымыз – азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра отырып, жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, халықтың үнін тыңдап өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап, заң аясында оны шешу болып табылады. Көкейтесті мәселелер мен ұсыныс-өтініштеріңіз болса айтыңыздар» – деді.
Акция барысында аудан прокуроры Р.Әбдірайымов өңірдегі ахуал жайлы және туындаған дауларға қатысты, сонымен қатар ауданда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, басты мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Атап айтсақ, статистика бойынша ағымдағы жылдың өткен мерзімінде қылмыстық құқықбұзушылық 171-ден 163-ке төмендегенімен, ауыр санаттағы қылмыстар 55-тен 58-ге, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 1-ден 7-ге, есірткі мен психотроптық заттармен байланысты қылмыстар 3-тен 7-ге дейін өскендігін ауыр деммен атап өтті.
Аудандағы криминогендік жағдайды баяндау бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әбдіраманов баяндама жасады.
Мұнан кейінгі жиын сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар тарапынан жер дауы, аула мен көшелерге сақтық шараларын сақтау мақсатында қосымша бейнебақылау орнату, үкіметтен бөлініп жатқан дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау, олардың қымбатшылығы, халыққа қолайлы тұстарын қарастыру, облыстық маңызы бар Шардара-Абай тасжолын қайта жөндеуден өткізу, заңсыз құм тасымалдау және басқа да мәселелер көтеріліп, жауапты мамандар тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Шара соңында прокуратураның назарына жалпы әр ауыл, көше бойынша қалыптасқан проблемалық мәселелердің тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар бақылауға алынды.
Аяқталмаған шаруаңыз бен шешімін таппаған мәселеңіз болса, «Заң керуені» акциясы заңды түрде шешіп береді!
А.Нұрполат.