Биылғы 20 қараша қазақ елі үшін ерекше, тарихи шешім қабылданған күн. Өйткені, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтті. Саяси бәсі өте жоғары шараға шардаралықтар да белсенді түрде қатысты.

Шардара ауданындағы барлық сайлау учаскелері сайлау күні таңғы сағат 07:00-ден бастап өз жұмыстарын бастады.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ауданда 1 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы және 33 сайлау учаскесінде 234 комиссия мүшелері жұмыс істеді. Аталған учаскелердің 2-еуі жабық сайлау учаскесі болып саналады.

Барлық сайлау комиссиялары орналасқан жайлар мен дауыс беру өтетін орындар заңға сәйкес материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталып, санитарлық нормалары сақталған. Байланыс телефоны, қосымша электр көздерімен толық қамтылған.

Сайлау учаскелерінде әуелеген ән, күмбірлеген күй ойнап жатты. Шара барысында ең қарт сайлаушылар мен алғашқы дауыс берушілерге, тұңғыш рет дауыс берушілерге, жас отбасыларға сый-сияпаттар жасалды.

Осы күні сайлауға барушылар үшін Шардара қаласындағы қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетті.

Сайлау учаскелеріне барған азаматтардың бойларында да, ойларында да жарқын болашаққа деген сенім мен үміт басым болды.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай Шардара қаласындағы №851 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

– Бүгін біздің алдымызда үлкен таңдау тұр. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін Президентімізді таңдауымыз керек.

Ең бастысы, біз дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Себебі, Президентті таңдау арқылы, біз елдің болашағын таңдаймыз. Сол себепті сайлауға белсенділікпен қатысып, әр адам өзінің жарқын болашағына дауыс беруі қажет, – дейді аудан әкімі Қ.Жолдыбай.

Аталған сайлауға тыл және еңбек ардагерлері, жастары 80-90-ға қараған қарттар да белсене қатысты. Сондай қарттардың бірі, қос ғасырдың куәгері болған Нұрым Қойшанова 1932 жылы 1 қаңтарда Қоссейіт ауылында дүниеге келген.

– Бала кезден қиыншылық пен ауыртпашылықты көп көріп,  жастайымыздан еңбекке араластық. Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда күн демей, түн демей еңбек еттік. Қай уақытта да еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Соғыстың беті әрмен болсын, – дейді 18 құрсақ көтерген бақытты ана, 33 немере, 51 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отырған аяулы әже.

«Сайлау – бүкілхалықтық мереке.  Әрбір сайлаушыға Конституцияның  берген ең нәтижелі құқығы, азаматтық міндеті бар. Президент сайлауына шақырылған сайлаушы ретінде сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Елімнің болашағын сайлау арқылы қалыптастыруға азамат ретінде үн қостым. Халық сайлауға барғанда осыны  дұрыс түсіну керек. Азаматтық борышымыз – Конституцияда берген міндетті өтеу керек. Ал кімге дауыс береді – ол әркімнің өз еркі. Санамен ойланып, елдің болашағын басқаратын адамға дұрыс таңдау жасасақ, болашақ ұрпақтың алдында міндетімізді атқардық деп білемін» – дейді Көксу ауылдық округіндегі  №863 сайлау учаскесінде дауыс беруші ардагер ұстаз Зибагүл Арыстанова.

Саяси шарада жастар да белсенділік танытты. Сондай жастардың бірі таяуда ғана шаңырақ көтерген Ережеп Бекжан мен Ілес Гаухар. №906 сайлау учаскесіне келген жас отбасы: 

– Президент сайлауы – бұл әр адам үшін өмірдегі маңызды күн. Бұл күні әркім өзінің азаматтық таңдауын жасайды. Бірінші кезекте, еліміздің әрбір азаматы өзі таңдаған үміткерге дауыс берді. Біз еліміздің патриоты ретінде бұл күнді назардан тыс қалдырған жоқпыз», – дейді.

Шардара ауданындағы 33 сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 2724 мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген. Оның 1345-і I-II топтағы, 1379-ы III-топтағы жандар.

Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында пандустар, токтилді жолақтар, сілтеуіштер, арнайы бұрыштармен қамтамасыз етіліп, толық жағдай жасалған.

Одан бөлек, үйінде дауыс беретін сайлаушыларға сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері заңдылықтар мен ереже-талаптарды сақтай отырып, өз таңдауларын жасауға мүмкіндіктер қарастырған.

Ал, өздігінен жүріп-тұра алатын жандарға 3 инватакси мен 7 әлеуметтік такси қызметі, еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты 10 арнайы маман жұмыс істеді.

Аудан бойынша 43568 сайлаушы болса, оның 35 654-і өз таңдауын жасады.

Сайлаушылардың 30985-і Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаса, 1224 сайлаушы Қарақат Әбденді қолдаған. 685 сайлаушы Мейрам Қажыкен үшін, 497 сайлаушы Нұрлан Әуесбаев үшін, 321 сайлаушы Салтанат Тұрсынбекова үшін дауыс берген. 

Өз тілшімізден.