ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының м.а. Ернат Жүнісов биылғы оқу жылында нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырмасы аясында кәсіпорындардың сұранысы бойынша 10 мыңнан астам адам колледждерге қабылданғанын атап өткен болатын. Бұл дегеніміз жастардың, яғни, жас мамандардың қажеттілігі едәуір деген сөз. Бүгінгі күні түлектер дипломын қолына ала сала, қай бағытта жұмыс жасау керектігін білмей, алған мамандығы емес, бұйырған жұмысы бойынша әрекет етуде.

Қараша айының 15 жұлдызында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен одан әрі тиімді өзара іс-қимыл жасау мақсатында №16 колледжде «Жұмыс беруші күні» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.

Аталған шараға Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов, «А.Р.Т. Құрылыс» ЖШС құрылтайшысы Әнуар Төлендиев, «ХАМИТ» АӨК басқарма төрағасы Бақытжан Серманизов, «SADYK BEREKE» ЖШС директоры Садық Жиренбаев, «SADYK BEREKE» ЖШС атқарушы директоры  Омар Қалдыбаев,  «Заңғар Сауда Құрылыс» ЖШС төрағасы Бағдат Ыбырахим, «Исаев Нур-Мухамед Асанович» ЖК төрағасы Нұр-Мұхамед Исаев, «Дара» ЖК төрағасы Жанқожа Сарыбасовтар арнайы келді. Ал, колледжбен ынтымақтасуды жоспарлап отыратын кәсіпорындардан «Дауылбаева А» төрайымы Ақмарал Дауылбаева, «Гранд Азия» ЖК төрағасы Марат Жораев, «Ақ Ниет» ШҚ төрағасы Сержан Әліпбеков, «ММ-Арай.kz» ЖШС директоры Мақсат Назарбековтер қатысты. Сонымен қатар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасынан «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» Шардара аудандық бөлімінің басшысы Мағжан Серіков пен «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Нартай Майқанов та шараға атсалысты.

Шарада алғаш болып сөз алған колледж директоры М.Тәшімбетов: «Жастық шақ жастарға қанаттарын жайып, ұшу үшін берілмеген. Жұмыс жасап, соның жемісін жеуі үшін берілген. Кемені суға жіберу мен оны жүздіру екеуі екі түрлі жұмыс. Түлектеріміздің жұмыссыз қалмауы үшін біз оларды барлық жағдайда қамтамасыз етеміз. Оқу орындарының бұрынғы қалыптасқан қағидасы бойынша теория 60 пайыз, практика 40 пайыз болса, біз соны керісінше қолданып, түлектерімізді практикаға көбірек жібереміз. Бір кітапты жаттап алу мүмкін емес. Сол алған білімді тәжірибе арқылы көрсете алуы керек. Кез келген жерде сайрап тұрған біліміңе емес, жасаған жұмысыңа қарап бағалайды. Түлектеріміздің жұмыссыз қалмауы үшін де сіздердің бастарыңызды қосып, олардың болашаққа деген сенімдерін нығайту үшін шақырып отырмын» - деді.

Жұмыс беруші кәсіпкерлер ең әуелі түлектер дайындаған керемет көрменің куәсі болды, колледждің оқу кабинеттерімен, өндірістік, ағаш өңдеу, дәнекерлеру, жиһаз шеберханаларымен танысты. Түлектердің дайын мамандық иесі екенін көзімен көріп, тәнті болған «Ақ Ниет» ШҚ төрағасы Сержан Әліпбеков: «Көліктің моторын шашып қайта жинаған, үй салу барысында оның бұрышын дәл шығарған, жиһазды дәл өлшеп кескен, темірді балқыта отырып, мүсін қалыптастырған түлектерден қалай айналмасқа?! Дайын маман иесін көріп тұрмын. Риза болдым, практика болса практикаға, жұмыс болса жұмысқа бірден аламын» - деп өзінің түлектерге деген таңқаласын жасыра алмады.

Шара әдістемелік кабинетте «Жұмыс беруші мен жас маманның жұмысқа қабылдануы жөніндегі келіссөздер» тақырыбындағы іскерлік ойынымен жалғасты. Жас мамандар жұмыс беруші кәсіпкерлерге өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Мамандық бойынша кішігірім пікірталас өткізді.

«Жұмыс берушілер күні» аясында жұмыс беруші кәсіпкерлер түлектерге экскурсия өткізіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Сонымен қатар әзірленген бағдарлама бойынша түлектеріміз әр мамандық бойынша кішігірім қойылым қойды.

Шара соңында колледж директоры М.Тәшімбетов аталған жұмыс беруші кәсіпорындармен, мекемелермен ынтымақтастық меморандумын жасап, келісімге қол қойды.

Кадрларды даялраудағы жемісті ынтымақтастығы үшін жұмыс беруші кәсіпкерлер Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасы мен адами әлеуетті дамыту бөлімі және коллледж директорының алғыс хаттарымен марапатталды.

Егер сіз тек ақша үшін жұмыс істесеңіз, оны ешқашан жеткілікті мөлшерде таба алмайсыз. Ал егер жұмысыңызды сүйіп істесеңіз және тұтынушыларыңызды бірінші орынға қойсаңыз, мол табысқа кенелесіз. Құрметті жас мамандар, өз мамандығыңыздың иесі болыңыздар!                                                                                                   

Бота Нұрполатқызы.