Осы аптаның сәрсенбісінде «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында» аудандық прокуратураның аға прокуроры Досым Төлепберген, Шардара аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Серік Естаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өмірбек Рүстем мен аудандық «Атамекен» ҰКП директоры Жәнібек Қамбаровтың және де аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында кәсіпкерлердің қызметтері бойынша рэйдерлік жаулап алу іс-әрекеттері орын алған жағдайда қай мекемеге шағымдануға болатыны туралы және алдын алу іс-шаралары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиында сөз алған Д.Төлепберген кәсіпкерлерге ҚР Қылмыстық Кодексiнің 249-бабын түсіндіріп өтіп, рэйдерлік жаулап алу бағытында арыз-шағымдары бар-жоқтығын сұрап өтті. Одан кейін Ө.Рүстем кәсіпкерлердің жалпы мәселесі бойынша «Атамекен» ҰКП жұмыс жасайтынын, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда хабарласуға болатынын тілге тиек етті.
Жиын барысында С.Естаев: «Мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдау білідіріп отыр. Бірақ кәсіпкер екенмін деп заң шеңберінен шығуға болмайды. Түнгі мезгілдегі рейдтік жұмыстар барысында мейрамханалар, кафелер өз жұмыстарын белгіленген уақыттан асырып жұмыс жасап жатқанын байқап қаламыз. Осының салдарынан азаматтардың көптеп құқықбұзушылыққа баратыны жасырын емес. Осы жағын да ескерген жөн» - деді.
Жиын соңында аудандық прокуратураның аға прокуроры Досым Төлепберген осындай мәселелер төңірегінде кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын ай сайын өткізіп тұруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Және де кәсіпкерлердің еңбектеріне табыс тілеп, ауданымыздың өркендеуіне өз үлестерін қоса берулеріне тілектес екендігін жеткізді.
Б.Мәтжанұлы.