Өткен аптада аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аудан, қала жастарына білім беру, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік мәселелері бойынша ақпарат беру үшін Түркістан облысы бойынша құрылған жұмысшы топ жастарды қолдау мақсатында үгіт-насихат жүргізді.

Аталған шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Шардара аудандық филиалының жастары мен колледж студенттері мен ауданның белсенді жастары қатысты.

Жұмысшы топ құрамында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-нің  басшысының орынбасары Е.Баетов, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Т.Құдайдергенов, облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Ғ.Байсариев, облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы “Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы” КММ-нің басшысы С.Құрбанов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар, облыстық мәдениет басқармасының тарихи мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы З.Байғазы, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Төлебаев, «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Шардара ауданы бөлімінің басшысы М.Серіковтер болды. 

Басқосуда алғаш болып сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ерасыл Әшірбайұлы: «Әр ауданның жастарының проблемалық жай-күйін біліп, өтініштері мен ұсыныстарын қабылдап, оларға қолдау көрсету – біздің азаматтық парызымыз. Жастар әлемде болып жатқан жаңалықтардан құр қалмауы керек. Жас мамандар жұмыссыз, жас кәсіпкерлер қолдаусыз қалмауы тиіс. Өйткені біз болашақ жастардың қолында деп сеніп отырмыз. Олардың сенімі біздердің берген бағытымыз бен алған білімі мен  еткен еңбегі арқылы қалыптасады. Сондықтан да сұраңыздар, біліңіздер, ақпарат алыңыздар!» – деді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Тұрар Керімұлы жастарға қайтарымсыз грант пен төменгі пайызбен несие алудың жай-жапсарын түсіндірді. Кәсіпті қай бағытта бастау, оның жобасын қалай құру, кәсіп бастаған соң оны ары қарай қалай алып кету керектігі жөнінде ақыл-кеңес берді.

Басқосуға арнайы шақыртылған аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы А.Данияров дін төңірегінде ауқымды мәселелер көтеріп, жастарға ағалық кеңесін айтып, жастар біліммен қатар тәрбиелік мәні бар дүниелермен сусындады.

– Бүгінгі кездесу жастарымыздың жүрегіне үміт отын сыйлап, оларға болашақ жастардың қолында екеніне үлкен сенім білдірген шара болды. Болашақтың іргетасын қалау мақсатында жасап жатқан игі шараларыңыз көп болып, жалғасын таба берсін. Сіздерге аудан жастарының атынан үлкен алғыс айтамын, – дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Б.Қалдарбек.

Аталған шарада ауданымызда елеулі істер атқарып жүрген белсенді жастар өздерін толғандырып жүрген білім беру жүйесі, қолжетімді білім, диплом алған жас мамандарды жұмыспен қамту, жас отбасыларға тұрғын үй, жастарға берілетін төменгі пайыздағы несие мен қайтарымсыз грант және жұмысқа орналасу үшін өткізілетін тест бағдарламасы бойынша сұрақтар қойып, тиісті мамандардан толыққанды жауап алды.

Өркениеті дамыған, көші ілгері жылжыған, алып елдермен тереземіз тең болу үшін бізге үлкен жауапкершілік керек. Жастар алаңсыз білім алып, өз мамандығы мен кәсібінің нағыз иесі болуы тиіс. Ендігі кезекте жастар өздеріне артылған жауапкершілікке тиянақты болып, берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып,  көшбасшы болуға ұмтылуы қажет!

Бота Болатова, ҚР Журналистер одағының мүшесі.