20 қарашада еліміз үшін маңызды оқиға – еліміз Президентінің сайлауы өткен болатын. Бұл сайлаудың өткен сайлаулардан ерекшелігі – алдағы уақытта Мемлекет басшысының 7 жылға бір рет қана сайлана алатындығы болды.

Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды.

Жұртымыз ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті.

Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды.

Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20-қарашада өз таңдауын жасады.

26 қарашада ҚР Президентіне халықтың басым даусымен (82,45%) сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ақ Ордада Қазақстан халқына ант беруі, ұлықтау рәсімі өтті. Ел дамуының ертеңгі бағдары айқындалған алқалы жиында ауқымды мәселелер қаралып, маңызды бастамаларға қол жеткізілетіндігін ашық айтты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығы туралы сөз қозғады.

Ия, осы маңызды оқиғада жеңіс тұғырынан көрінген Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына ант беруі кезінде қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер болатынын атап өтті. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналып отыр. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтыру керектігіне басымдық берді.

«Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екендігімізді білдіреді. Бабаларымыз біртұтас ел болып, Еуразия төрінде даңқты шежіресін ат тұяғымен жазған, Алтын Орда мен Қазақ хандығы сияқты мемлекеттер құрған. Сондай-ақ халқымыз ел басына күн туған күрделі сәттерде азаттығы үшін арпалысты. Әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың және ұлт қайраткерлерінің ерлігі –осының айқын көрінісі» – деп атап өтті.

Тарихи тамыры тереңге кеткен дәстүрлі діни танымымыз – ұлттық болмысымыздың өзегі екенін ескерген. Мемлекет басшысы «Қазақ –ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы» деген тілегін жеткізді.

«Мемлекеттік құрылыста біз «күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласын нақты ұстанамыз. Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын дәйекті түрде жаңғырту үдерісін бастауға жол ашты.

Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи жене өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздін бекемдігін тағы да дәлелдей алдық.

Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе» – деп халықтың билікке деген сенімін арттыруға бар күшін жұмсайтынын жеткізді.

Ережеп Бекет, «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының атқарушы хатшысы.