Облыс әкімі Д.Сатыбалды- ның Өзбекстан Республикасына шекаралас аудандарының əлеуметтік және кәсіпкерлік салаға жауапты мамандарын іссапарға жiберiп, халықтың әлеуметтік осал топтарын және жастарды жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша iске асырылып жатқан бағдарламаларын облыс көлемiнде енгiзу тапсырылған болатын.
Осы тапсырмаға сәйкес, ауданда пилоттық жоба ретінде әлеуметтік осал топтағы, аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейiнгi жастарды және елу бес жастан асқан зейнет жасына дейінгі адамдарды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту мақсатында Алатау батыр ауылдық округiнен «Шебер» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 50 адамды жұмыспен қамтитын тігін цехын ашты.
Өндіріс орнының ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай цехтың жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, өндіріс басшылығына Алғыс хат тапсырды.
«Шебер» тігін цехының басшысы Омар Әсенұлы өз қолдауын білдірген аудан басшысына алғысын айтып, алдағы уақытта өндіріс орнына 200-ден астам адамды жұмысқа тартуға ниетті екенін атап өтті.
Алдағы уақытта цех кұрылысын салуға 200 млн теңге және цехты құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 150 млн теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Сондай-ақ, 2023 жылы тігін цехының негiзiнде тігін кластарын ұйымдастыру жоспарлануда. Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық шағын несиемен және 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды беру арқылы 190 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Бұдан бөлек Жаушықұм ауылдық округінен құс өсіру бағытында аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейінгі жастарды және елу бес жастан асқан зейнет жасына дейiнгi 55 адамды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту жоспарланған.
«Өндіріс орны аяқ киім, киім-кешек және тапсырысқа сәйкес кез келген тауарды тігумен айналысады. Қазақстан бойынша көптеген облыстарды арнайы әскери киім-кешекпен қамтып отырмыз. Бізге Түркия елінен тәжірибелі мамандар келіп, тәжірибе алмасуда. Қазір жұмыспен қамтылып жатқан жаңа тігіншілерді оқытып, тәжірибелі маманға айналуына да ықпал жасаудамыз. Алдағы уақытта Шардара ауданының бірнеше жерінен цех ашуды жоспарлап отырмын» – дейді Омар Әсенұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.