Жуырда Шардара ауданының шаруаларымен кездесу болып өтті.

Кездесуге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Әбілқайыр Ғалымұлы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Дауылбаев Еркебұлан Әбілханұлы, ҚР Экология, геология және табиғат ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Бекмағамбетов Досбол Боташұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Оспанов Тұрғанбек Үсенбекұлы және аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен өзге де сала мамандары қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – шаруашылықпен айналысушы өңірдегі халықтың өзекті мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыру. Сонымен қатар жиындар барысында ұсынылған өтініштерді талқылап, жүзеге асуына көмектесу.

Жиын негізінен сұрақ-жауап түрінде өткізіліп, шаруалар тарапынан бірнеше өзекті сауалдар қойылды.

Жер мәселесі, өндіріс орындарын ашу, заңсыз құм қазу, субсидия, ағын су тарифі және жайылымдық жер тақырыптарын көтерген шаруалар вице-министрлерден мәселелердің шешілуін сұрады. Министрлік өкілдері әр сұраққа жеке-жеке түсіндірме беріп, оның түбегейлі шешілу процестерін түсіндірді. Сондай-ақ, кейбір мәселелер бойынша заңды тұрғыдан өзгерістер болатынын және шаруалар айтқан ұсыныстардың мемлекеттік деңгейде жүзеге асуына ықпал жасалатындығын жеткізді.

«Өскен өңір» – ақпарат.