Қазақ отбасындағы әкенің орны бұрын қандай болған, қазір қандай, отағасы деген атқа лайық ер азаматтар неге азайған, әлсіз әкенің баласы неге жасқаншақ, әйелдер еркектен неге жоғарылап барады?

Қазақ отбасындағы әкенің статусын қайтару мақсатында бүгінгі таңда көптеген насихат жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облыстық Ардагерлер кенесінің ұйытқы болуымен «Әкелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбы аясында «Рухы биік әкелер, ұлт болашағын мәпелер» атты аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің жұмыстарына мониторинг жүргізу туралы жиналыс ұйымдастырылуда.

Аталған жиналыстың алғашқы легі Түркістан, Арыс қалаларында бастау алып, сәрсенбі күні Шардара қаласында жалғасын тауып, аудандық оқушылар үйінде кең көлемде өткізілді.

Мәжіліске Түркістан облыстық Ардагерлер кенесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Әбдімәлікұлы Сапарбеков арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар аудандағы еңбек ардагерлері, аудандық Ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебінің» төрағасы, аудан мектептері жанындағы «Әкелер мектебінің» төрағалары, мектеп директорларының орынбасарлары және ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан Данияров қатысты. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бәйдулла Рахматуллаев ашып, жүргізіп отырды.

Жиында алғаш болып сөз алған Әбдішүкір Сапарбеков: «Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Осында отырған әрбіріміз әкеміз. Әуелгі қадам бізден. Біз жақсы болуымыз керек» - дейді. Сонымен қоса «Әкелер мектебі» жөнінде біршама мәліметтермен бөлісіп, баяндама жасады.

Жиын барысында ардагер ұстаз, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы, ақын Нұрғали Ыбырайым 1 жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан Данияров, Алатау батыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейсен Қуан мен Шардара қаласы Ақбала мөлтек ауылы бастауыш ұйым төрағасы Мұсахан Мархабаевтар жарыссөзге шықты.

Жиын соңында мәселеге айналған, жоғарыда аталған сұрақтардың жауабы шешіліп, жоспарланған дүние өз деңгейінде мәресіне жетті. 

                     Бота Болатова.