Биылғы жылы Тәуелсіздігімізге – 31 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 36 жыл толып отыр. Елімізге Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздікке деген ұмтылыс 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан бастау алды десек артық айтқандық болмас.
Еліміздін еркіндігі мен бостандығы жолында қанды желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарымыздың ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс.
Осы мақсатта 12 желтоқсан күні Шымкент қаласындағы Опера және балет театырында желтоқсан оқиғасына қатысушылармен республикалық «Аналар» журналы алқасының ұйымдастыруымен «Мұздағы жауқазындар» атты іс-шара өтті. Кездесу барысында желтоқсаншылар іс-шараға қатысушы жастарға бастарынан өткен жантүршігерлік оқиғаларын айтып, әлі күнге дейін шошып оянатындықтарын айтып берді.
Мағыналы да мазмұнды өткен іс-шара барысында, мұздақта алау жаққан 30 анаға «Аналар» журналы дайындаған «Мұздағы жауқазын» атты төсбелгі тапсырылды. Аталған марапатқа Шардара аудандық Аналар кеңесі мен «Желтоқсаншылар» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған аудандық статистика бөлінің қызметкері Майра Төребекова мен Мариям Абуова ие болды. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен батыр қыздарымыз аман болсын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын.
Ұлдықыз Жәлелқызы, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы.