МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ 125 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ
Қайран, қазақтың дара болмысы Алаштың небір мықтыларымен дараланып, жоталанып тұрған екен-ау!
«Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге ала жүретін екі түрлі ұлттық асыл кітабым бар: бірі «Манас», бірі «Мұхтар Әуезов» деген екен қырғыз жазушысы Ш.Айтматов.
Қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде танылуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы жазушы, қалың қазаққа Абайды танытқан талантты жазушы Мұхтар Әуезовтің биыл 125 жылдығы. Аталған мерейтойлық шара еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтілуде.
Кешегі аптада Мұхтар Әуезовтің өмір жолын дәріптеп, оқушыларға ұлылардың ғұмырынан үлгі алуға, олардың шығармашылығық танымдарын толықтыру мақсатында №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде әдеби кеш болып өтті.
М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шара ең алдымен мектеп мұғалімдері – Ж.Жамбай мен Н.Мұсабекованың «Мұхтар мұрасы – адамзат қазынасы» атты сурет көрмесінен бастау алды. Х.Шамшидинова мен А.Басымбекова керемет дөңгелек үстел өткізіп, келген қонақтар кітапхана меңгерушілерінің дайындаған «Ғасыр қаламгері» кітап көрмесін тамашалап, М.Ахетованың «Мұхтар әлеміне саяхат» атты танымдық сабағына қанық болды.
Мұнан кейінгі шара мектептің акт залында «Дәуірдің дара тұлғасы» атты әдеби-сазды кешпен жалғасын тапты. Шараға аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы, ардагер ұстаз, ақын Нұрғали Ыбырайым, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы Сәбит Лаханов, аудандық орталық кітапхананың директоры Ғайша Төребаева, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Айнұр Төреханова, №12 жалпы орта мектебінің директоры Данияр Төлепов, жыршы-термеші, ақын Қанат Дауылбаевтар арнайы қонақ болды.
Ұлы жазушының құрметіне арналған әдеби-сазды кешке мектеп ұжымы (мұғалімдер мен оқушылар) тыңғылықты дайындалған екен. Олай етпесе заңғар жазушының есімін иеленіп отырған білім ордасына үлкен сын болар еді. Ұстаздар қауымы осынау жауапкершілікті терең сезінген екен.
Кештің сценарийі де өзгеше мазмұнда құрылыпты. Көрерменді жалықтырардай бірыңғай баяндау емес. Жазушының өмір жолына шағын шолу жасап, оның түрлі әңгімелерінен сахналық қойылымдар қойылды. Оқушылар мен мұғалімдер «Бала Мұхтардың Абаймен кездесуі» қойылымын, «Қарагөз», «Жетім» әңгімелерін соншалықты шынайылықпен сахналады. Ұстаздар қауымы Абай әндерін нақышына келтіре орындаса, оқушылар дөңгелене би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеште алғаш болып сөз алған Н.Ыбырайым: «Қайырлы кеш, құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар. Мектептің аты айтып тұрғандай Мұхтар Әуезов атындағы мектепсіздер. Анау-мынау емес. Сондықтан да сіздердей талантты, дарынды оқушылар шығуы, ол – заңдылық. Абайды оқымаған қазақ қазақ емес. Егер сіздер Абайды оқысаңыздар, сол дәуірді өз көздеріңізбен көргенмен тең боласыздар. Айналайын, қарақтарым, өсіңдер, өніңдер!» – деп оқушыларға ақ батасын берді.
«Нұрай Кеңесбайдың орындауындағы «Желсіз түнде жарық ай», Элмира Татееваның орындауындағы «Көзімнің қарасы» атты Абайдың әндері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, кештің мәнін кіргізіп, әнсүйер, өлеңсүйер жүректерге жылулық сыйлады. Мектеп оқушыларының «Жетім» әңгімесінен, «Қарагөз» пьесасынан қойған үзінділерін тамашалап, тіпті дайын театр актерлерін көргендей болдық. Шынайы, әсерлі болғаны сонша – көзімізге жас алғанымыз да жасырын емес. Заманның заңғар жазушысы Әуезовке арнау жазған ақын-жазушылардың туындаларын әуезді үнмен жеткізіп, мәнерлеп оқып, көпшілікке шынайы жеткізе білген мектеп оқушыларының дарыны көзге бірден көрініп тұр. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңінің шығу тарихын көрініс арқылы әдемі етіп жеткізе білген оқушылардың талантына қалай сүйсінбейсің?!» деп жүрекжарды жылы лебізін білдерген «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов кешті ұйымдастырған мектеп ұжымына шынайы алғысын білдірді.
Аудандық орталық кітапхананың директоры Ғайша Төребаева ұстаздар қауымына, оқушыларға ризашылық білдіре отырып, мектеп ұжымына таяуда ғана тұсауы кесілген «Шежірелі өлке шайырлары» атты шардаралық ақындардың антологиясын сыйға тартты.
Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Айнұр Төреханова аталған шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, білім ұясының қызметкерлеріне, шәкірттерге сәттілік тіледі.
Кеш соңында Қанат Дауылбаев ағамыз жырдан шашу шашып, мектеп директоры Еркінәлі Ақбердиев ұстаздарының үдесінен шыққан оқушылар мен сол оқушыларды дайындаған мұғалімдерге және кешті ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігіне үлкен алғысын білдірді.
Заманымыздың кемеңгер жазушысы, дана ойшылы, ғұлама ғалым, әлем әдебиетінің алыбы, қазақ әдебиетінің «екінші Абайы» Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Дәуірдің дара тұлғасы» атты әдеби кештің куәсі болған қонақтар керемет әсер алғандарын бір ауыз сөзбен жеткізе алмайтындарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Бота Нұрполатқызы.