Апта басында аудандық мәдениет үйінде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімін ояту мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің жастары» атты патриоттық әндер байқауы өткізілді.
Қала мен ауыл округтерінің 12-15 жас аралығындағы 16 жас таланттар бақтарын сынаған байқау 3 кезеңнен тұрып, бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші кезеңде патриоттық бағыттағы ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа айтты. Ал үшінші кезеңде жанды дауыста патриоттық әндер орындады.
Жас ұрпақтың санасына патриоттық сезімді, бірлікті, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін өнер тілімен жеткізу мақсатында ұйымдастарылған шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жеңімпаздарды анықтау үшін аудандық мәдениет үйінің директоры А.Дөңбай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов, «Тілдерді дамыту және оқыту орталығының» тіл маманы М.Жұбаева, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі А.Өсербай әділқазылық жасады. Өнерлері бір-бірінен өткен жүйріктерді саралау да оңайға соқпады. Дегенмен қазылар алқасының шешімімен жүлделі І-орынмен Шардара мектеп-лицейінің оқушысы Әмина Сапаш марапатталды. Екінші орынды аудандық оқушылар үйінің тәрбиеленушісі Дана Бекболатова, үшінші орынды С.Ерубаев атындағы ЖОМ-нан Балауса Аманжолава иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталса, қатысушыларға жақсы өнер көрсеткені үшін ынталандыру сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырылды.
Аудандық мәдениет үйінің басшысы А.Дөңбай «Құрметті балапандар, әрбіріміздің жүрегімізде туған жер бар, оған деген махаббат бар. Отанға деген, елге, жерге деген сезімді әнмен де, сөзбен де әдемі жеткізе білдіңіздер. Тамаша көңіл-күйде отырдық. Байқау болған жерде біреу оза шабады, біреу сүрінеді деген бар. Әнді орындау, өлеңді оқу мәнері, дауыс ырғағы, нота деген дүние бар. Сахна мәдениеті мен киім үлгісіне тегіс қарадық. Саралап, сараптап, әділ бағасын бердік деп ойлаймын. Ал, марапаттарыңыз құтты болсын!» – деп байқауды қорытындылады.
Ел туралы, жер туралы қасиетті Отан туралы әуелете ән салған балғын әншілердің жүздері бал-бұл жанып тұрды.
Өз тілшімізден.