Жаңа жыл – әлемдік мереке. Әрбір жан жаңа жылдан өзінше жақсылық пен оң өзгерістер күтеді. Сондықтан бұл мереке барша халық үшін айтулы күндердің бірі. Әсіресе балалардың рухани тұрғыда ой-өрісі ертегі әлемімен ұштасып дамуы үшін жаңа жыл бүлдіршіндердің асыға күтетін мейрамы.
Осы орайда аудан әкімі Қ.Жолдыбайдың қатысуымен Шардара ауданында «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты ҚР Президентінің атынан өткізілетін балалардың жаңа жылдық шыршасы өтті.
«Шардара» мектеп-лицейінде өткен кеш барысында ертегілер мен мультфильм кейіпкерлері балалардың көңіл-күйін көтеріп, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Тарихымыздың төрінде екі жылдың тоғысқан сәтінде айтылатын ақ тілектің орны бөлек. Әрбір адамзат баласы Жаңа жылдан жақсылық күтеді. Бұл – табиғи дүние. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды өткен жылғы жаңа жылмен құттықтау барысында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде – ұрпақтың болашағына баса мән беретіндігін, жастарға зор үміт артып, жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көретінін жеткізді. Баршаңызға осынау сәтті пайдалана отырып, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен шаттық тілеймін», – деді аудан басшысы.
Мерекелік шарада әуелеген ән, мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, балаларға мерекелік арнайы сыйлықтар үлестіріліп, шара жоғары деңгейде аталып өтілді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.