Өткен аптада Шардара қаласында орналасқан 4 шағынаудан газ көзіне қосылды. Шағынаудандарға газ беру шарасына аудан әкімі Қ.Жолдыбай, аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев, қала әкімі О.Айдосов, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов және басқа да тұрғындар мен қонақтар қатысып, салтанатты ашылу лентасы қиылды. Шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
— Шардара ауданы бойынша әкімшілік құрылымына қарай 1 қала және 10 ауылдық округ бар. Оның ішінде 10 ауылдық округте орналасқан 25 елді- мекеннің 10 елдімекені мен Шардара қаласындағы 3 шағынаудан табиғи газбен қамтамасыз етілді. Оларда тұратын халық саны – 44 335 адам, аудан тұрғындарының 55,4 % пайызын құрайды.
Қазіргі таңда ауданда Ұзын ата (4751 адам), Алатау батыр (9063), Қызылқұм (2 659 адам), Сүткент (3066 адам), Ақалтын (2580 адам), Егізқұм (1854 адам), Достық (3250 адам), Көксу (6953 адам), Қоссейіт (4959 адам), Шардара қаласының №14 Бекет, Мұнай базасы, Өтеғұл шағынауданы (5200 адам) табиғи газға қосылған.
2022 жылы газдандыру бойынша Шардара қаласындағы 9 бірлік шағын ауданда табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді және Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі 1 бірлік елдімекенді (Шардара ауылында) газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде өздеріңіз көріп отырғандай бүгін Шардара қаласындағы Наурыз, Нұр Отан, №4 және №3 шағынаудандарға табиғи газ беріп отырмыз. Сондай-ақ, Мелдеби, Қанай Датқа, Әсем-ай шағын аудандарының табиғи газға қосу бойынша құрылыс жұмыстары толығымен біткен, қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталысымен басқа да шағын аудан тұрғындарына табиғи газ берілетін болады.
Ал Шардара қаласындағы Абай, Қызылжар және Шардара ауылында табиғи газ беру жұмыстары 2023 жылға өтпелі болып отыр. Сондай-ақ, Жаушықұм ауылдық округін табиғи газ көзімен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірленіп, аудандық бюджет есебінен қаржы қаралып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Алдағы уақытта Жаушықұм ауылын газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Ауданда атқарылып жатқан барша жұмыстар мен игі бастамалар, өздеріңіздің, жалпы ауданымыздың тұрғындары үшін жасалып келеді. Осы жолда алдағы уақытта да Шардара қаласында ел игілігіне жаңа нысандар беріле берсін. Барлығымыз да елімізді гүлдендіру үшін әрқашан бірлікте, ынтымақта игі істер атқарып, жарқын болашақ үшін еңбек ете берейік! – деді Қ.Жолдыбай.
Айта кетсек, Шардара қаласын газдандыру бойынша 9 шағынауданда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оның 4 шағынауданы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бірқатар шағынаудандарды газ көзіне қосу жоспарлануда.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.