Қазақстан Республикасының «Қоғамдық Кеңестер туралы» заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер мен әкімдердің және мәслихат хатшысының қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында атқарушы билік пен өкілетті биліктің қоғамдық кеңес алдындағы есебін тыңдау жөніндегі кеңес отырысы өтті. Отырысты аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы М.Нұрпейісов ашып, жүргізіп отырды.
Аталған жиынға аудан әкімі Қ.Жолдыбай, аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық құрылымдық дербес бөлім басшылары мен аудан прокурорының орынбасары С.Нұрақым, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы С.Нұрахов және жергілікті полиция қызметінің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қоғамдық Кеңестің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, аталған отырыстың күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, Шардара ауданы прокуратурасының кәсіпкерлер, азаматтар құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары мен сол саладағы өзгерістер; аудандық ішкі істер бөліміндегі қылмыс пен құқық; аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының 2022 жылғы салық түсімдері мен орындалу барысы Шардара ауданының аумағындағы сайлау учаскелерін құру.
Аталған мәселелер бойынша аудан прокурорының орынбасары С.Нұрақым, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әділханұлы мен оның бірінші орынбасары Т.Мұса, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы С.Нұрахов, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы С.Қошалиевтер бір жылда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Баяндамашылар қатысушы тараптың қойған сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Бұдан өзге қылмыстық қудалау, қоғамдық мүдделерді қорғау, ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару, сотта өкілдік ету, қылмыстық жазаларды орындау салалары бойынша да мәселелер кеңінен талқыланды. Жиын барысында қатысушылар жаяу жүргіншілерге арналаған қоғамдық көліктің тұрағы, мектептерге салынатын айыппұл, құжатсыз азаматтардың әлі де бар екені туралы, мал ұрлығы мен олардың түнгі уақытта көшеде еркін жүруі жайында бірқатар ұсыныстар мен өтініштерін айтты.
Жиын соңында аудан әкімінің тарапынан отырыста айтылған барлық пікірлерді, ескертулер мен ұсыныстарды хаттамаға енгізу және жауапты тұлғалардың назарына жеткізу жөнінде тапсырмалар берілді.
Бота Болатова.