Жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты шара Шардара қаласындағы «Алты алаш» алаңында ұйымдастырылды. Алаңға жиналған тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтап, 2022 жылдың жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті.

– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – өткен жылы атқарылған жұмыстарды зерделеп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке.

Тәуелсіздіктің 31 жылында елдікті нығайту мен тәуелсіздігімізді баянды ету бағытында алға қойған ауқымды жобалар іске асырылуда.

Елімізді одан әрі демократияландыру, тұрғындарды ел басқару мен шешім қабылдау үдерісіне тарту бағытында 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде тың бастамалар қолға алынып, қоғамның барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалуда.

Шардаралықтар да тарих қойнауына еніп бара жатқан 2022 жылды  шығарып салып, жаңа жылды жаңа еңбек жетістіктерімен қарсы алғалы отыр. Біздің бүгінгі мақсатымыз бен міндеттеріміз тұрғындарымыздың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған. Аудан тұрғындарының игілігіне арналған әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп пайдалануға берілсе, көшелер жарықтандырылып, кәсіпкерлік бағыттағы бірқатар қызмет көрсету орындары ашылды.

Ауданның жалпы әлеуметтік- экономикалық дамуында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Шағын және орта бизнесті дамытуда оң динамика қалыптасты.

Мұның барлығы да ауызбіршілігі мен татулығы жарасқан аудан халқының еңбегі, шардаралықтардың маңдай тері. Келесі жылы да жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.

Біз қашан да жаңа жылдан, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Баршамыз жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеміз. Келер жаңа жыл барлық бастамаларыңызға ақ жол ашып, еліміз үшін берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін! – деді Б.Шомпиев.

Мұнан кейін ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып жүрген бір топ азаматтарға марапаттар табыс етілді.

Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен №4 облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрхалықов Сейфолла Нышанбайұлына  «ҚР Еңбегі сіңген» жатықтырушысы атағы берілді.

Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, аудан әкімі мен мәслихат хатшысының Алғыс хаттары, Шардара ауданының 2022 жылғы «10 Үздік  жаттықтырушысы» және «10 Үздік спортшысы» номинациялары табысталды. Сонымен қатар аудандық «Жыл үздігі – 2022» жастар сыйлығы аудандық байқауы жеңімпаздары марапатталды.

Мерекелік кеште «Шардара ауданының және басқа да ауданның өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.

Мереке соңы қызылды-жасылды отшашуларға ұласты.

Рүстем ПЕРДЕБЕК.