Қаңтар айының 4-7 күндері аралығында Отырар ауданында қазақ күресінен 2008-2009 жылы туған кіші жасөспірімдер мен 2006-2007 жылы туған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Байрақты бәсекеге біздің жерлестеріміз де қатысып, бақ сынады. 2023 жылдың алғашқы додасында өнер көрсеткен ауданымыздың бабы келісіп, бағы жанған өрендері 2 алтын, 1 күміс, 8 қола алқаны қанжығаларына байлады.
Атап айтар болсақ, А.Сахибай (70 кг), Д.Сәдуақас (75 кг) алтыннан алқа тағынса, А.Сейсенбай (46 кг) күміспен күптелді. Ал А.Өтесінов (45 кг), Б.Нұрсағат (55 кг), Б.Бердіхан (60 кг), Өмірзақов (65 кг), С.Сағынов (65 кг), С.Игілік (70 кг), Е.Сүйіндіктер (+75 кг) ұлдар арасында өткен бәсекеде қола медальды қажығаларына байлады. Қыздар арасында Н.Айдекен (+65 кг) 3 орын алды.
Жеңіске жеткен спортшыларымыз бен жаттықтырушыларды жетістіктерімен құттықтай келе, алдағы ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көріне берулерін тілейміз!
Бекжұма Нарбай.