Кешегі аптада аудан орталығында «Шардара армспорт» клубының демеушілігімен олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, дзюдо, тэквондо және каратэ залдары ашылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, спорт ардагері Мұсырманқұл Дәуренов және ауданның белді спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты. Шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімдігі атынан бағалы сыйлық тапсырып, ашылу лентасын қиды.

«Баршаңызды бүгінгі олимпиадалық спорт түрлеріне арналған залдардың ашылуымен құттықтаймын. Шардара ауданы әлемге аты шыққан чемпиондар- дың мекені. Дүниежүзі бойынша біздің аудан секілді  көп чемпион шығарған бірде-бір жер жоқ. Мен мұнымен мақтанамын. Бұл көрсеткіш мемлекеттің спорт саласындағы қолдауы мен ауданымыздағы жаттықтырушы азаматтардың және спортшылардың қажырлы еңбегі деп білемін.

Аудан әкімдігі сіздерді әрқашан қолдауға дайын. Алдағы уақытта ауданымыздан Олимпиада шыңын бағындырар спортшыларымыз көп болсын. Біз сіздерге сенеміз! Біздің мақсат – Олимпиада!» – деді аудан басшысы.

Айта кетсек, 2022 жылдың өзінде Шардара ауданынан 37 Әлем чемпионы, 71 Азия чемпионы және 89 ҚР чемпиондары шығып отыр.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.