Апта барысында Алатау батыр ауылдық округінде үш кәсіпкерлік нысан іске қосылды. Нысандардың салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев арнайы қатысып, аталған ауылдың биі Қуан Сейсен және ауыл тұрғындарының қатысуымен нысандардың лентасын қиды. Сонымен қатар Б.Шомпиев өз жұмысын бастаған барлық нысандардың жұмысымен танысып шықты.

Тарқатып айтсақ, аядай ғана ауылда заманауи үлгіде салынған сауда орталығы және кафе, кілем жуу орталығы, көлік жуу және көлік дөңгелегін жөндеу (шинамонтаж) нысандары ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Заманауи үлгіде салынған сауда орталығы мен кафе 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, онда тойхана және қонақтарға арналған залдар мен караоке кабиналары қарастырылған.

Кілем жуу орталығын ашқан кәсіпкер бір күнде 240 шарты метр кілем жууға қауқарлы нысандағы барлық станоктар мен техникалар Қазақстанда жасалғанын атап өтті. Орталық иесі алдағы уақытта қысы-жазы жұмыс істеп, кілем жудыруға келгендерге дәмханалар мен өзге де қызметтер көрсететін орындар ашуға ниетті екенін жеткізді. Ол 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Үшінші нысанда 24 сағаттық көлік жуу және көлік дөңгелегін жөндеу (шинамонтаж) нысаны жұмысын бастап отыр. Оған қоса кәсіпкер автобөлшектер және тұтынушылардың демалуына арналған шағын шәйхана ашуды жоспарлаған.

Аудан әкімінің орынбасары барлық нысанның жұмысын қарап, мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек Б.Шомпиев Алатау батыр ауылынан іске қосылғалы тұрған, қуаттылығы тәулігіне 64 куб бетон шығара алатын бетон зауытының құрылымымен танысты. Зауыт иесі бетон дайындауға арналған заманауи жабдықтардың барлығы дерлік отандық аппараттар екенін айтады.

Рүстем Пердебек.