Қаңтардың 15 жұлдызында Шардара қаласының спорт кешенінде армрестлингтен және гір көтеру спортынан ересектер, жастар, жасөспірімдер және жас жеткіншектер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қол күрес спорты өңірімізге келгелі өте үлкен нәтижелерді көрсетіп, әлемдік деңгейге көтерілгендігіне тоқталды. Осы жетістіктерге жетуге елеулі үлесін қосқан, «Шардара Армспорт» спорт клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаевқа алғысын білдірді және де жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келесі сөз кезегін алған Шардара ауданының мәслихат төрағасы, Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясының президенті А.Қарсыбаев: «Бұл чемпионат биылғы 2023 жылғы республикалық, Әлемдік жарыстардың алдындағы алғашқы баспалдақ, сол себепті бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, мықтының мықтысы жеңіске жете берсін» – деген ақ тілегін білдірді. Сонымен бірге бірнеше спортшыға Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясының арнайы дайындаған “Шардара Армспорт” клубының дамуына сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Тағы бірқатар саңлақтарымызға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» куәлігі табысталды.
Мұнан соң «сен тұра тұр, мен атайын» деген кіл мықты спортшылар жарысты бастап кетті. Дүбірлі додаға 500-ге жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша қол күресінен жалпы командалық есепте Шардара ауданы көш бастады. Ал Мақтарал ауданының құрамасы 2 орынды иемденсе, жетісайлықтар 3 орынға табан тіреді. Гір көтеру спортынан да командалық есепте жерлестеріміз ешкімге дес бермей бірінші орын алса, 2 орынға Созақ ауданының спортшылары жайғасты. Үздік үштікті Түлкібас ауданы қорытындылады.
Спортшыларымыз бен жаттықтырушыларды жеңістерімен құттықтай отырып, олардың биік шыңдарды бағындыра берулеріне тілектеспіз!
Бекжұма НАРБАЙ.