Ұзыната жалпы орта мектебiнiң 11 сыныбында оқитын I топтағы мүмкiндiгi ерекше балалар санатындағы Өтеген Арыстан осындағы бақытты отбасы Берiкбай мен Айнұрдың
өсiрiп отырған 4 перзенттерiнiң арасындағы тұңғышы. Бойында өнерге, өлеңге деген құштарлығы бар ол мектепке барған сәтiнен осындағы көркем өнерпаздар үйiрмесiне, 10 жасынан бастап аудандық, кейiннен облыстық байқауларға қатысып, жүлделi орындардан көрiне бастады. Мектеп оқушысы дегенiмiз болмаса, Арыстанның жетiстiктерi аудан асып, облыс, республика, тiптi халықаралық деңгейлерде де ауыз толтырып мақтанышпен айтарлықтай дәрежеге жеттi.
Алғашқыда аудандық мүгедектер қоғамдық бiрлестiгi жанынан құрылған өзiндей өнерлi топпен бiрге Арыс қаласындағы балалар үйiнде, Шымкент қаласындағы қарттар үйiнде өнерiн көрсетiп, ән салып, құрметке бөленсе, қазiргi таңда халықаралық деңгейлердегi байқауларға қатысып жүр.
Аудандық, облыстық “Отбасы тынысы” және “Өнерiм, көңiл шуағым” байқауларының “Өшпейтұғын, өлмейтұғын әндер-ай” номинациясының, бiлiм алуда ерекше қажеттiлiгi бар балаларға арналған ХIҮ халықаралық “Жұлдыз-ай” фестивалiнiң бiрiншi орын дипломанты. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында ерiк жiгерi мықты, өмiрдiң небiр кедергiлерiне қарамастан өмiр сүруге деген құштарлығы мен бойындағы батырлық қасиеттерiн ояту, ұлттық рухани тәрбиелеу мақсатында өткен “Үкiлi үмiт – 2019” атты мүмкiндiгi шектеулi балалардың ән байқауларында жоғары дәрежеде өнер көрсеткенi үшiн, халықаралық Дельфий комитетiнiң Қазақстан Республикасындағы жастар жылына арналған “Бәйтерек–FEST” ұлттық шығармашылық фестиваль-дерiнде бас жүлделердiң иегерi болды.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен 8 мемлекеттен 342 мүмкiндiгi ерекше балалар қатысқан халықаралық деңгейдегi фестивальда финалға шыққан 2 мемлекет арасындағы бәсекеде вокаль номинациясы бойынша III орынның жеңiмпазы болды. Ал одан кейiнгi Мәскеу қаласында 3 мемлекеттен келген мүмкiндiгi ерекше балалар арасындағы “Диси” халықаралық байқауында бас жүлденi иеленiп, финалист атанып қайтты. Тек ән салу өнерi емес сонымен қатар, балалар психологиясына деген қызығушылығы да артып келедi.
Әрине, осындай жетiстiк-терге жетуге үнемi қолдау мен демеушiлiк көрсетiп, шабыттандырып отырған мектеп ұжымына, оның басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Әсем Төреханова мен орынбасары Жұмагүл Нұрбековаға деген Өтеген Арыстанның ризашылығы мен алғысы шексiз.
– Жақында аудандық мәслихаттың депутаты “coscom” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң басшысы Айдос Сүндетәлi ағамыз келiп маған жаңа, сапалы жасалған қоларба сыйлағанда қуанышымда шек болмады. Ол кiсiнiң отбасына амандық, жұмысына табыс, елдiң қалаулы азаматы болып жүре беруiне, пейiлiнiң кеңдiгiндей өмiрi де өнегелi бола берсiн деп тiлеймiн, – дейдi Арыстан қуаныштан жүзi жайнап.
Өткен аптаның соңында Өтеген Арыстанмен қаладағы “Shar de Luxe” мейрамханасында өткен мүмкiндiгi ерекше балалардың “Менiң қолымнан бәрi де келедi” атты тренингiнде кездестiк. Логикалық сұрақтарға белсендi түрде жауап берiп, “Синяя вечность”, “Көк аспанда” әндерiн орындаған ол алдағы аптада Түркiстан қаласында өтетiн республикалық байқауға ән орындау шеберлiгi бойынша қатысуға дайындалып жатқандығын, одан жеңiмпаз болса, Польшада өтетiн халықаралық фестивальға қатысу мүмкiндiгi болатындығын айтты.
Өнер өлкесiнде ендi ғана жүзе бастаған Өтеген Арыстанға арманыңа қол жеткiз, шығар шыңың биiк болсын, оған жетуде ешқашан қанатың талмасын деймiз.
Жаңабай Жiгерұлы.