Кеше аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ауданымыздағы түрлі сайыстар мен жобалардың үздігі атанған дарынды оқушылар мен әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге танылып үлгерген 4 жасар математик Ислам Қанатбекұлын қабылдады.
– Адамның қалыптасуы бала кезден басталады. Соның бір дәйегі міне өздеріңіз көріп отырған біздің 4 жасар бүлдіршініміз Ислам Қанатбекұлы әлеуметтік желіні шулатып, дүйім елді өзіне қаратып, ауданымыздың атын шарықтатып жатыр. Осындай дарын иесін әлеуметтік желіге жүктеп, кішкене ғана Исламды елге танытып жатқан біздің Шадияр мен Мейіржанға да рахмет айтамыз.
Одан бөлек ауданымыздың мақтаныштары, жас дарынды оқушыларымыз «El umiti» бастамасын іске асыру аясында елімізде талантты жастарды қолдауға бағытталған жобаға және «Балалар жылы» аясында Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы мен «Turkistan TV» телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілген «Күлтегін» зияткерлік ойынына қатысып, үлкен марапаттарға ие болды.
"Жаны таза, пейілі ақ, өздеріндей талантты ұрпақтар ауданымызда өсіп келе жатқаны біздің көңілімізге қуаныш сыйлайды, – деді Қ.Жолдыбай.
Аудан басшысы оқушыларға өз алғысын айтып, ауданның атын әрқашан шарықтатып жүрулеріне сенім білдіріп, өз атынын Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.