Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің есінде болар, қаңтар айының 21-і күні Түркия елінің Стамбул қаласында армрестлингтен Шығыс пен Батыс спортшылары арасындағы жекпе-жек сайысы өткен болатын.
Білектілер мен жүректілер бақ сынаған додада жерлестеріміз Қыдырғали Оңғарбаев пен Нұрдәулет Айдархан еліміздің намысын қорғады. Бұла күштері бойларында ойнаған біздің жігіттер атақтарынан ат үркитін қарсыластарын тізе бүктіріп, алтыннан алқа тағынды.
Көк туымызды көкте желбіреткен жеңімпаз жерлестеріміз осы аптада елге оралған болатын. Жеңімпаз спортшыларымызды жерлестеріміз зор құрметпен, арнайы іс-шара ұйымдастырып қарсы алды.
Іс-шара барысында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы спортшыларымызды жеңістерімен құттықтап, әрқашан ел намысын абыроймен қорғай берулеріне тілектес екенін білдірді. Аудан әкімі: «Іздеріңді басып келе жатқан өскелең ұрпақ та сендердей ел намысын қорғайтын азамат болып өсе берсін!» деген ақ тілегін білдіріп, қос спортшыға ақ боз ат мінгізді. Шара барысында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов жеңімпаз спортшылар мен олардың ұстазы, атақты спортшы, «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаевқа ерекше алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Газетіміздің мыңдаған оқырмандары атынан жеңімпаз жерлестерімізді жеңістерімен құттықтай отырып, көк байрағымызды әрқашан көкке көтере берулеріне тілектестік білдіреміз.
«Өскен өңір» – ақпарат.