Қазақстан Республикасы Парламентінің сайлауы саяси тұрғыда белсенді азаматтар үшін ерекше мүмкіндік десек жаңылыспаспыз. Осы мүмкіндікті қазір пайдаланып қалғысы келіп жатқандар күн сайын «Мәжіліске кандидат ретінде тіркелгенін» жарияға жар салып жатыр. Әйтсе де, мұндай талап-тілегі бар кез келген азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңына сай талаптарды білуі керек.

Алдымен, Парламент Мәжілісінің депутаттарына қойылатын талаптарға тоқталсақ. Кандидат ретінде тіркелгісі келетін адам, ең біріншіден, Қазақстан азаматы болуы керек. Екіншіден, соңғы 10 жылда республика аумағында тұруға тиіс. Үшіншіден, кем дегенде 25 жаста болуы шарт.

Депутаттыққа кандидат болу үшін азамат өзі түсетін округтік территориялық комиссияға арнайы өтініш (бекітілген шаблон бойынша) жазады. Өмірбаян деректерін де арнайы шаблонмен толтырады. Одан бөлек, салық органынан өзіне және жұбайына активтер мен міндеттемелер туралы декларация өткізгені жөнінде анықтама алып келеді.

Мәжіліс немесе мәслихатқа барғысы келетіндердің ақшасы да болуға тиіс. Мәжіліске түсу үшін мүшелік жарна 1 050 000 теңге болса, мәслихаттағы мүшелік жарна 350 000 теңге.

Oskenonir.kz