Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен мекемеаралық жиыннан осындай ой түйдік.
Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолдары қаралған келелі жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, полиция бөлімінің қызметкерлері, мекеме мен дербес бөлім басшылары және білім беру мекемелерінің басшылары, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Мәжілісте аудандағы жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары тарапынан қоғамдық орындарда орын алған құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында 2022 жылы атқарылған іс-шаралардың тиімділігі мен заңдылығына талдау нәтижесі қаралды.
Жиында алғаш болып сөз алған аудан прокурорының орынбасары Сәбит Қуатұлы баяндама жасады. Хабарламашы өз сөзінде аудан көлемінде 2022 жылы орын алған қылмыстық құқықбұзушылықтың, оның ішінде көпшілік орындарда, көше бойларында, отбасы-тұрмыстық жағдайларда орын алған құқықбұзушылықтардың өскені туралы атап өтті. Атап айтсақ, ауданда 2022 жылдың 12 айында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны төмендегенімен, аса ауыр санаттағы қылмыстар 200%-ға (1-3), қоғамдық орындарда орын алған қылмыстар саны 12%-ға (25-28), көшелерде 77,8%- ға (9-16), отбасы тұрмыстық қылмыстар 100%-ға көбейген.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарын баяндап өтті. Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Т.Мұсаев күн тәртібінде айтылған мәселелер бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есепті хабарлама жасап, қылмыстың алдын алу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Б.Сарыбаев сотты болғандарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік мектебі арқылы оқыту, "кәсіп ашамын" дегендерінің іс-құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсету туралы ұсыныстарын жеткізді.
Аудан прокуроры Руслан Әлжанұлы аталып өткен қылмыстардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың тиімділігі мен алдағы уақытта құқықбұзушылық профилактикасын жүзеге асыруды одан әрі жетілдіру жоспарлары бойынша спикерлерге сұрақтар қойып, мәселелерді мәжіліске келгендермен талқылады.
Қорыта келе адам мен азаматтардың құқықтарының бұзылмауын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссияның жұмысын күшейтуді, уәкілетті және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып жұмыс жоспарларын әзірлеп, зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруды, бюджет қаражатын қарастырып, қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Аудан әкімі Қ.Жолдыбай айтылған ұсыныстарды назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқару керектігін атап өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Өз тілшімізден.