Апта барысында аудандық сот ұжымы өткен жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, брифинг өткізді. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы аудандық соттың судьясы Жанат Қарымсақов хабарлама жасады.

Аудандық сотта қылмыстық істер бойынша 2022 жылы 86 тұлғаға қатысты қылмыстық іс түскен. Жалпы 78 тұлғаға қатысты 68 қылмыстық іс қаралып, аяқталған. Оның ішінде 66 тұлғаға қатысты 53 іс бойынша үкім қабылданған. 11 тұлғаға қатысты 5 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Жоғарыда аталған 53 қылмыстық іс бойынша 29 тұлғаға шектеу жазасы, 26 тұлғаға бас бостандығынан айыру жазасы, 1 тұлғаға қоғамдық жұмыстарға тарту, 5 тұлғаға айыппұл жазасы, 3 тұлғаға ҚК-нің 63-бабымен шартты жаза, 1 тұлғаға рақымшылық заңы қолданылған.

2022 жылы санкциялау туралы 80 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 34-і қамауға алу санкциясы, 10-ы қамауға алу санкциясын ұзарту туралы болған. 

Көрсетілген мерзімде аудандық сотқа 52 жекеше айыптау тәртібімен шағымдар түсіп, 47 шағым кері қайтарылған, ал 5 шағым сот өнідірісіне қабылданып, қылмыстық іс қозғалған.

Азаматтық істер бойынша 2022 жылы 683 арыз түскен, жалпы  352 азаматтық іс қаралып аяқталған. Оның ішінде 252 азаматтық іс бойынша шешім, 100 іс бойынша сот бұйрығы қабылданған. 29 іс пен 12 арыз  келесі есептік кезеңге қалдық болып өткен. 79 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

2022 жылда 256 іс бойынша сот отырысы АБЖ құрылғысына жазылған, жеңілдетілген (жазбаша) тәртіппен 101 арыз түсіп, сот өндірісіне қабылданған. 8 іс прокурордың қатысуымен қаралған.

Азаматтық істер бойынша 2022 жылы апелляциялық сот алқасымен 2 сот шешімі бұзылып, 5 сот шешімі өзгерген.

Аталған мерзімде аудандық сотқа 463 әкімшілік құқықбұзушылық ісі түскен. Ол бойынша 405 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралып аяқталған, 344 іс бойынша әкімшілік жазалар қолданылған.

2022 жылы апелляциялық сот алқасымен 3 әкімшілік іс бойынша сот қаулылары өзгерген. 1 қаулы Жоғарғы Сотпен бұзылған.

Өткен жылы жылы аудандық сотқа түскен қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер ресми тілде түсіп, мемлекеттік тілге ауыстырылып қаралған істер болмаған. Мұнан бөлек «Төрелік» АЖ арқылы кіріс және шығыс хат-хабарлары қазақ тілінде тіркелген. Кіріс құжаттардың 84,6%-ы, шығыс құжаттардың 96,04%-ы, ішкі құжаттардың 100%-ы қазақ тілінде жүргізілген.

Көрсетілген мерзімде сот жұмысын насихаттау, сот жүйесінің беделі мен абыройын, ашықтығын халыққа кеңінен таныту мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 54 мақала жарияланған, жергілікті мекемелер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен 4 дөңгелек үстел өткізілген, ауданның мемлекеттік мекемелеріне 7 лекция оқылған.

Брифинг соңында Жанат Қарымсақов алдағы уақыттары сот жүйесінің жұмысы жандана түсетіндігіне сенім білдірді. 

Ақбота Өсербай.