2023 жылғы 21 қаңтарда Шардара қаласында бір көшенің бойынан екі бірдей есірткі затын тұтынатын азаматтар анықталып, оларды жеке тінту барысында өздерімен заңсыз сақтап жүрген есірткі заттары анықталды.

Осы факті бойынша әрбір азаматқа ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген.

Аудан прокурорының төрағалығымен 23 қаңтарда өткен шұғыл жиналыста тергеу тобының және жедел-уәкілетті қызметкерлердің есебін тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп,  есірткі затын өткізумен айналысатын адамның тұрғылықты жерін анықтап, оны құрықтауға бағытталған күттірмейтін тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нақты нұсқау берілді.

Нәтижесінде аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің бірлескен іс-қимылының арқасында 2023 жылы қаңтар айының 23-інен 24-іне қараған түні Шардара қаласында «Р.М.» деген тұрғынның үйін тінту нәтижесінде өткізуге әзірленіп, дайындалған 12 бөлшекке бөлінген есірткі затына ұқсас заттар тәркіленіп алынды. Сот сараптамасына сәйкес, тәркіленіп алынған заттың есірткі зат екені анықталды.

Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен тергеу амалдары басталды.

«Р.М.» есімді азаматша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына күзетпен ұсталып, тергеу судьясының  санкциясымен 2 айға қамауға алынды.

Есірткі затын өткізу мақсатында сақтау ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, бұл қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша ең ауыр жаза ретінде 20 жылға  бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Құрметті тұрғындар! Есірткі тектес заттарды сатумен айналысады деген күдік келтірген тұлғалар бойынша аудан прокуратурасына немесе Шардара аудандық полиция бөлімінің сенім телефондарына (2-25-40, 102) хабарлауды сұраймыз.

Шардара ауданының прокуратурасы.