Өткен аптада аудандық оқушылар үйiнде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Адамзаттың Абайы” атты апталық болып өттi.

Оқушылар үйiнiң “Тiлдер мәдениетi” бiрлестiк мүшелерiнiң ұйымдастыруымен (бiрлестiк жетекшiсi осы жолдардың авторы)  өткен бұл апталық оқушылар мен ұстаздарға рухани серпiлiс сыйлады.

Апталық “Адамзаттың Абайы” атты әдеби-сазды кешпен салтанатты түрде ашылды. Үйiрмеден тәрбие алып жүрген оқушылар бойларындағы өнерлерiн аяп қалмады. Әдеби кеш Абайдың жанды бейнесiмен басталып, (Абай бейнесiн сомдаған “Шешендiк сөз” үйiрмесiнiң шәкiртi Махкамбай Жандос) кештi әрi қарай ұлағатты ұстаз Раушан Жүсiпбаева Абайдың “Көзiмнiң қарасы”  әнiмен жалғастырды. Балғын шәкiрттер Абайдың өлеңдерiн, қасиеттi қара сөздерiн жатқа айта бiлдi. Тарихқа шегiнiс жасап, бала Абайдың Жанқұтты шешеннен бата алу көрiнiсiн небәрi екiншi сынып оқитын “Жас қаламгер” үйiрмесiнде тәрбиленушi Жақсылық Мейiржан мен Анарбай Арманай атты шәкiрттерiмiз шын ықыласпен көрсете бiлдi. Кеш соңына қарай Абайдың аудармаларына негiзделген И.Крыловтың “Шегiртке мен құмырсқа” қойылымын “Сахна сыры” үйiрмесiнiң шәкiрттерi (жетекшiсi Мұсабекова Гүлмира) өте керемет ойнап шықты. Бұл қойылымды сахналау дәрежесi өте жоғары деп бағаланып, сахналаушы Аязхан Ардақ пен Байжiгiт Ләззат марапат қағазына ие болды.

Апталық апта бойы жалғасын тауып, эссе жазудан, сынақ хат, оқушылар арасында көркем жазудан сайыс, Абайдың өлеңдерiнен байқау ұйымдастырылды. Сайыстың аты сайыс емес пе? Мәнерлеп оқу байқауынан “Ағылшын тiлi” үйiрмесiнiң оқушысы Қуатов Саят I орын иеленсе, II орынды “Сахна өнерi” үйiрмесiнiң оқушысы Мысқалбай Ұлболсын, “Сөз маржан” үйiрмесiнiң оқушысы Мұхтархан Шәкәрiм III орынмен марапатталды. “Шешендiк тiл” үйiрме жетекшiсi Оланбекова Ботакөз өткен “Қазақтың бас ақыны” атты сабақ, “Сахна сыры” үйiрме жетекiшiсi Төреқұлова Ләззат ұйымдастырған “Бес нәрседен қашық бол” тренинг сабақ, “Веселая грамматика” үйiрмесiнiң ұстазы жетекшiлiк еткен “Бiлектi бiрдi, бiлiмдi мыңды жығар” деген тақырыптағы интелектуалды сайыс сабақтары жоғары деңгейде өткiзiлдi.

“Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп...”  деген тақырыппен жабылған қорытынды кеште апталықта белсендi қатысқан оқушылар мен сайыстарда үздiк атанған шәкiрттер оқушылар үйiнiң директоры С.Жиенбаеваның мақтау қағаздарымен марапатталды. Атап айтар болсақ, “Жас қаламгер” үйiрме оқушылары – Аманбек Толқын, Исағалиқызы Дариға, “Шешендiк тiл” үйiрме оқушылары – Мамбай Назерке, Жылқыбай Ақерке “Қара сөздiң шеберi” атағына ие болып, оларға марапат қағаздары табыс етiлдi. “Мейiрiмдiлiк – асыл қасиет” деген тақырыптағы эссе жазудан “Ең үздiк эссе” номинациясын “Жас қаламгер” үйiрмесiнiң шәкiртi Әлiмхан Нұрзия жеңiп алды. Бастауыш сынып арасында өткен көркем жазу сайысына “Ең көркем жазғаны үшiн” Әбдiхалық Аяна марапатқа ие болды. Келесi марапат “Қатесiз жазылған сынақ хат” үшiн Анықбай Мерейлiмге ұсынылды.

Осы кеште ұстаздар қауымы Абайдың әнiн хормен шырқап, бiрлестiк мүшелерi Абай өлеңдерiнен челлендж жасап, оқушылар үйiндегi Орынбаева Айгүл жетекшiлiк ететiн “Туристiк өлкетану” бiрлестiгiне жолдады.        

Кеш соңында әдiстемелiк бiрлестiк орынбасары Рысқұлова Алмагүл апталыққа белсене қатысып, балаларға ұстаздық етуден жалықпайтын ұстаздарымыз – Абдукаримова Ұлболсын, Медетова Ұлмекен, Пантаева Нұрсұлу, Ақпанова Нұрсұлу, Әбiлова Бибiгүл сынды ұстаздарымызға алғысын бiлдiрiп, еңбектерiне табыс тiледi.

 

Гүлайша Қожанова,

аудандық оқушылар үйi “Тiл мәдениетi” бiрлестiгiнiң жетекшiсi.