Адалдық, мейірім, шыншылдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бір парасы. Ал бұл қасиеттер адам бойына бала күнінен сіңеді десек жаңылмаспыз.
Таяуда «Шардара» мектеп-лицейінің 6 «б» сынып оқушысы Үсен Әбілмәнсұр мектеп ауласынан 100 000 (жүз мың) теңге тауып алады. Қомақты сома. Қызығып кетіп, қалтаға баса салуға да болар ма еді? Бірақ Әбілмәнсұр адамшылықтан аттап кетпей, адалдық танытты. Оның адалдығы сол – кімнің ақшасы жоғалғандығы туралы жан-жағындағы адамдардан айқайлап сұрастырған. Ешкім «мен жоғалтып едім» демеген соң тауып алған ақшаны кезекші мұғалімге табыстаған. Кезекші мұғалім мектеп басшысын болған жайттан хабардар етіп, ақшаны беріп кетеді. Мектеп директоры жан-жақты іздестіру жүргізіп, нәтижесінде ақшаның егесі табылып, табысталады.
Осы мектептің 1 «д» сынып оқушысы Жеңісбек Нұрайым Мадиярқызы да мектеп ауласынан 10 000 (он мың) теңге тауып алады. Ол да жоғарыда айтылғандай іс-әрекет жасап, соңында ақшаны кезекші мұғалімге табыстаған. Кезекші мұғалім мектеп басшысына хабарлаған. Мектеп директоры жан-жақты іздестіру жүргізіп, нәтижесінде ақшаның егесі табылып, табысталады.
Мектеп директоры Ж.Сапаров олардың ата-аналарын шақыртып, болған оқиғаны баяндап, балаларына өнегелі тәрбие бергендері үшін алғыс білдірді. Екі оқушыны да Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.
Адалдықты мұрат тұтқан оқушыларға қалай риза болмайсыз?!
«Өскен өңір» – ақпарат.