Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі маңызы жоғары саяси-қоғамдық мазмұндағы кеңес, әлеуметтік мәселелерді шешу жолында басында ел ағалары тұратын халықтық жиын.

Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің үлкен көлемде отырысы өткен болатын.

Аталған жиында алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсақалдар кеңесі құрылатындығы аталған болатын. Осыған орай кеше аудандық Ақсақалдар Кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудан әкімінің орынбасары, кеңес төрағасының орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов және кеңес мүшелері қатысты.

Осы тұста жаңа кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы Ілесов Қыстау Інәйұлы кеңестің төрағасы болып бекітілгенін атап өткен жөн.

Жиында алғаш болып сөз алған Қ.Ілесов: «Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы қазақстандықтарды тарту мақсатында  жаңа тәсілдерді енгізуді жетілдіруде. Қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің, ғылыми-сарапшылық топтың, медиация кабинетінің, ассамблея жастарының орны ерекше. Ал, жаңадан жасақталған Ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық» – дейді.

Аталған жиында Ақсақалдар кеңесінің жалпы ережелері мен міндеттері, өкілеттіктері, жұмыс органы таныстырылды. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев сөз алып, қашанда үлкенін сыйлаған халқымызға Ақсақалдар кеңесі керектігін айтып, төрағамен бірге жұмыс жоспарын бекітіп, алдағы жоспарларды айқындап берді.

Бота Өсербай.