Апта барысында ауданымызда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына 34 жыл толуына орай арнайы іс-шара өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Ербол Жанұзақұлы, аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Жұмалиев, Ауған соғысының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Құрметті Ауған соғысының ардагерлері! Сіздер өздеріңіздің жауынгерлік борыштарыңызды адал атқарып, елге абыроймен аман-есен оралдыңыздар. Көптеген қазақстандық жігіттер ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Бүгінгі іс-шарада біз жат жердегі қырғи қабақ соғыста көз жұмған ағаларымыз бен боздақтардың рухына бас иіп, тағзым етеміз. Бүгінгі сіздермен бірге өткізіп отырған шараның маңызы өте зор!» - деді.

Шараға жиналғандар әуелі ұрыс даласында жан беріп, ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алды. Құран бағыштап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ауған соғысы ардагерлерін еске алуға арналған шара аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тапты. Аталған шараны музей қызметкері С.Отаров ашып, жүргізіп отырды.

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өтіп жатқан жиында интернационалист-жауынгерлердің ерлік істері дәріптелді. Сонымен қатар «Ауған батырлары арамызда» атты кітап көрмесі, Ауған соғысының оқиғасы жайында көрсетілген слайд пен «Ауғанстан алапаты» атты фотокөрмесі көпшілікке керемет әсер қалдырды. 

   Өз кезегінде Шардара аудандық ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Жұмалиев жастарға патриоттық тәрбие беруде еңбек етіп жүрген жауынгерлерімізге ризашылығын білдіріп, бүгінгі жастар тарихпен мақтануы керектігін, ел үшін ерлік көрсеткен, жанын қиған ардагерлерімізді әрдайым есте сақтау керектігін атап өтті.

Шара  соңында  Шардара аудандық ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Жұмалиев Ауған соғысының ардагерлеріне ұдайы көмек көрсетіп, кереметтей іс-шаралар ұйымдастырып, тынбай еңбек етіп жүрген аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Н.Смайыловқа «Алтын жүрек» медалін табыс етсе, Ауған соғысы ардагерлері Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

                                        Бота Болатова.