Таяуда Түркiстан облыстық мәслихатының депутаты, белгiлi кәсiпкер Бақытжан Сермаңызов Қ.Тұрысбеков ауылдық округiндегi А.Әлiмбетов атындағы жалпы орта мектеп ғимаратында сайлаушылармен кездесу өткiздi.
Жиынға Қ.Тұрысбеков ауылдық округiнiң тұрғындары, мектеп ұжымы қатысты.
Жиын барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты жиналған көпшiлiкке ауданымызда өзектi мәселе болып табылатын газдандыру жұмыстарының кезең-кезеңiмен iске асырылып жатқандығын, ауызсу мәселесi бойынша су таратқыш нысандарға су тазалағыш қондырғылар орнатылатынын айтып өттi. Жол мәселесi бойынша тиiстi орындарға хат жазылып, жолдың сапалы жөнделуiне бар күш-жiгерiн салуда екенiн атап өттi.
Депутаттың сөзiнен кейiн сөз алған ауыл тұрғындары да өз ойларын ортаға салды. Мысалы, аталған мектептiң дене шынықтыру пәнiнiң мұғалiмi мектептiң спортзалының еденiнiң тозығы жетiп тұрғанын айтып, мүмкiндiгiнше жөндеуге ықпал етудi сұранды. Бiр топ тұрғындар Қ.Тұрысбеков ауылдық округiне қарасты Қуанқұдық елдi мекенiнiң 60 жылдық мерейтойын атап өтуге жәрдем беруiн сұрады. Мектеп директорының бейiндiк iсi жөнiндегi орынбасары Б.Дүмбiрбаева мектептiң жоғары сынып оқушыларын балық зауытына саяхаттауға рұқсат беруiн сұраса, мектептiң кәсiподақ ұйымының төрағасы Ж.Әбдiмәлiков депутаттың атқарған жұмыстарына қанағаттанып, алдағы уақытта жұмысына табыстар тiлеп, алғысын бiлдiрдi.
Жиын соңында Б.Сермаңызов айтылған өтiнiштердi назарға алып, толығымен орындайтынын айтты.
Өз тiлшiмiзден.