Өткен аптада аудандық полиция бөлімінің ғимаратында аудандық пробация және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудан прокурорының орынбасары С.Нұрахым, аудандық пробация бөлімінің басшысы, әділет майоры Б.Сарыбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әділханұлы, аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Н.Майханов және жұмыс беруші кәсіпорындардың өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Мәжілісте негізінен шартты түрде сотты болған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие алу, ақылы қоғамдық жұмыс, кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз гранттар бойынша ақпараттар беріліп, аудандағы жұмыс беруші кәсіпорындарда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді.
— Мұнда отырған кез келгеніңізді жұмыспен қамту біздің міндет. Сондықтан біз ұсынып отырған жұмыстар мен ұсыныстардың өзіңізге тура келетінін қарап, қолайлысын таңдай аласыз. Сіздер қоғамнан шетте емессіздер. Барлығымыз бірдей Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ел болашағы үшін бірлесіп еңбек ете аламыз. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Сіздердің ендігі мақсаттарыңыз — жарқын болашақты ойлап, қалыпты өмір сүру қағидатына көшу. Ал ол үшін біздер барынша көмектесуге әзірміз - деді Б.Шомпиев.
Сонымен қатар жиынға қатысқан құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер тарапынан келген өкілдер қосымша ақпараттармен бөлісіп, тиісті ұсыныстар мен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалпы жиынның мақсаты – пробация есебінде тұрған, яғни, шартты түрде сотталған азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік шараларға қатыстыру, оларды қоғамға бейімдеу және қоғамнан оқшаулануына жол бермеу.
«Өскен өңір» – ақпарат.