14 ақпан күнi Түркiстан облысының әкiмi Өмiрзақ Шөкеев 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша халық алдында есеп бердi.
Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң мәжiлiс залында өткен басқосуға облыс әкiмiнiң орынбасарлары, аудан әкiмдерi мен олардың орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкiлдерi және облыс тұрғындары қатысты. Бiздiң ауданымыздан аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай бастаған бiр топ ардагерлер мен түрлi сала басшылары да аталған жиында болды.
Жиында облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкеев облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жылдың даму жоспары мен мiндеттерiн баяндады.
– Түркiстан облысы қайта құрылғалы берi аймақтың 2019 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты.
2019 жылы облыс бюджетi 561 млрд. теңгеден жыл соңына дейiн 778 млрд. теңгеге жетiп, 217 млрд. теңгеге немесе 38 пайызға өстi. Бiрқатар салалар бойынша республикада көш басынан көрiндiк. Жалпы, 2019 жыл өңiр үшiн жетiстiкке толы жыл болды, – деген өңiр басшысы дамудың түрлi салалары бойынша көрсеткiштерге жеке-жеке тоқталды.
Осы күнi шардаралықтар облыс әкiмiнiң жылдық есебiн аудан әкiмдiгiнде онлайн режимде тыңдады. Бұл жиынға аудан әкiмiнiң орынбасарлары, сала басшылары, аудандық мәслихат депутаттары және бiр топ аудан тұрғындары қатысты. Шардаралықтар арасынан белгiлi ардагер спортшы М.Дәуренов сауал жолдап, тұщымды жауап алды.
Өз тiлшiмiзден.