Апта барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ауданымызға арнайы іссапармен келді.
Е.Кенжеханұлы ең алдымен 2023 жылы күрделі жөндеуден өтетін Ақшеңгелді ауылында орналасқан 4-К-2-8, 4-К-2-9, 4-К-3-7, 4-К-4-4 ағын су каналдарымен танысып, ондағы инвесторларға ұсынылған 600 гектар жер учаскілерін қарап шығып, Қызылқұм ауылындағы ПУИД-2 жобасы аясында іскер асырылып жатқан 5Р-3 каналдарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Содан кейін, Алатау батыр ауылындағы «Шебер» тігін фабрикасы мен «Сая» фермер қожалығындағы күріш өңдеу цехына барды. Ауылдық округтегі көптеген тұрғынды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың жұмысына оң баға берді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары ауданнан салынайын деп жатқан қуаттылығы жылына 100 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы жүгері дақылын тереңдетіп өңдейтін зауыттың жобасымен танысты. Зауытты Шардара қаласындағы индустриялды аймақтан салу жоспарланған. Е.Кенжеханұлы зауыт салуға ниетті инвесторлармен кездесіп, құрылыс жұмыстары мен өндіріс орнының әлеуетін талқылады. Бұл зауыт іске қосылса 500 адам жұмыспен қамтылмақ.
«Біз зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүгері дақылын егуге арналған жерлерді белгілеудеміз. Шикі зат қоры мол болу керек. Сонымен қатар Шардара ауданының дихандарынан жүгеріні шикізат ретінде қабылдауға әзірміз. Ол үшін зауыт шаруаларға көмектесуге дайын» – дейді инвесторлар. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге аудан әкімдігі қажетті көмек беретіндігін атап өтті.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытына барып, өнім өндіру технологиясымен танысты. Одан кейін, Шардара су қоймасының құрылыс жұмыстары мен ағын су тарифінің мәселесі бойынша шаруа қожалық иелерін кездесті.
Шардара ауданында жүргізіліп жатқан ірі жобалардың бірі 12 192 гектар Жаушықұм массивін игеру жұмыстарымен танысты.
- Мен Шардара ауданындағы бірқатар ірі жобалар мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда болдым. Аудан үшін өте жақсы көрсеткіш. Алайда мәселе де жоқ емес. Шардара су қоймасының, ағын су тарифы, ішкі каналдарды жөндеу және өзге де бақылауға алынатын жұмыстар бар. Сондай-ақ, Шардара ауданындағы жүгері дақылын тереңдетіп өңдеуге бағытталған зауыт құрылысының жобасын көрдім. Бұл жоба іске асса аудан халқынан бөлек, бүкіл облыс үшін әлеуеті зор кәсіпорын болғалы тұр. Ал біз зауыт салуға ниетті инвесторларға барынша көмек беруіміз керек деп ойлаймын» – деді Е.Кенжеханұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.