Мейірімділік пен сұлулықтың, даналық пен рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Шардара ауылының аяулы аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді. Олай дейтінім, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйінде «Ана – өмірдің гүлі» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кеште ауыл әкімі Аманғани Аманбеков: «Ана – өмірдің гүлі екені рас. Ақын-жазушыларымыздың барлығы да осы тақырыпта қалам тербегені – ананың орны бөлектігін дәлелдей түскендей. Анасы бар адам, ең бақытты адам. Баршамыз бақыттымыз. Бақытымызды қадірлей білейік. Бүгінгі кеште айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі асыл ана, адал жар, аяулы қыз-келншектер тақырыбында болмақ. Әдемі көңіл-күйде болып, өздеріңізге арналған керемет кештің куәсі болыңыздар» – деп, нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтады. Сонымен қатар түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен қыз-келіншектер мен еңбек ардагерлерін өз атынан және аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиевтің Алғыс хатымен марапаттап, мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәжібай Мырзагелдиев ағамыз да аяулы аналарды мерекесімен құттықтай отырып, осы кешке демеушілік жасаған Қ.Тұрысбеков ауылынан түлеп ұшқан А.Жамбаев пен Ы.Икрамбайға барша ауылдың атынан үлкен рахмет айтты.
Мерекелік кеш соңы ауылдық және аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсеткен әдемі кешке ұласты.
Бота Өсербай.