Аптаның сәрсенбісінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Абай» атындағы аудандық мәдениет үйінде үлкен концерттік кеш өтті.
Шараға аудан әкімі Қ.Жолдыбай, аудан прокуроры Р.Әбдірайымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, сондай-ақ, ішкі істер органының қызметкерлері, қала, ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары және ардақты аналар мен қыз-келіншектер қатысты.
Салтанатты кеш аналар жайлы әндермен басталды. Мұнан соң аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйледі.
– Сіздерді табиғат-ана жаңарып-жасарып, мейірім шуағын молайтып, дүние түрлі түске боялатын гүл көктемнің сәулелі мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қашанда еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған, тіршілікке нәр берген, адамзатқа өмір сыйлаған Анадан құдіретті, Анадан ардақты, Анадан аяулы жан жоқ. Тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, барша адамзаттың тәрбиешісі де – Ана.
«Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Әлемнің тыныштығы, бейбітшілігі аналардың мейірімді жүрегінде, ақ пейілді тілегінде. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген Аналардың алдында бәріміз де бас иеміз.
Мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, шаттық пен қуаныш тілеймін! – деді аудан әкімі.
Шара барысында аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандыларды «Алғыс хаттармен» марапаттап, ауданның демографиялық өсіміне үлес қосқан батыр аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарын салтанатты түрде табыстады.
Кеш барысында «Шардара Армспорт» клубының чемпиондары кешке келген нәзік жандыларға аудан әкімінің атынан гүл шоқтарын үлестірді.
Кеште шардаралық өнерпаздар – «Ақ әжелер» ансамблі, «Мерей» фольклорлық ансамблі, Бақберген Омаров, Эльмира Шонай, белгілі сазгер, әнші Ержан Қайратұлы әсем әннен шашу шашты. Сонымен қатар мерекелік көріністер көрсетіліп, ізгі тілектер айтылды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.