Құрметті жерлестер!

Сіздерді ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен әлемдік деңгейде аталып өтетін және ЮНЕСКО-ның мәдени мұра санатына қосылған Наурыз мейрамы салт-дәстүріміздің, тіліміз бен дініміздің, бірлігіміз бен мен татулығымыздың, жаңаруымыз бен  жарасымды ынтымағымыздың дамуына себепші ұлы мерекеге айналды.

Наурыз айында күннің жылы шуағы төгіліп, табиғат көкке оранып, жыл құстарымен бірге жаңа жыл келеді. Халқымызда Ұлыстың ұлы күнінде жан-жағын тазалап, жерге шыбық шаншитын жақсы дәстүр қалыптасқан. Жыл басы – Наурыз күні адамдар бір-біріне ыстық ықылас білдіріп, береке, ырзық-несібе тілеген.   

Халқымызда «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген дана сөздер бар. Наурыз айы айналамызды ретке келтіріп, арық-атыздарды тазалап, жерімізді өңдеп, шаруаның қамына кірісетін уақыт. Наурыз айының басынан бастап аудан тұрғындары жылдағы дәстүр бойынша тазалық жұмыстарын қолға алып,  тал-теректер егуге кірісіп те кетті. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін!

Ұлыс оң,  ақ мол болсын!

Құрметпен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков