ЖАҢА СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында Наурыз мейрамын атап өтуге арналған іс-шаралар аясында Достық, Қ.Тұрысбеков және 14-бекет елді мекенінен спорт алаңшалары ашылды.

Достық ауылындағы спорт алаңшасының ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйледі.

– Наурыз айы – мерекелер айы десек қателеспейміз. Өйткені басы Алғыс айтумен басталып, аяғы ұлттық мерекемізбен аяқталады. Осындай мерекелі айда, бүгін 3 ашық спорт алаңшаларының салтанатты ашылу лентасы қиылуда. Шардара ауданы, чемпиондардың жері. Сондықтан әр ауылдан осындай спорт алаңшаларын салу, жастарды салауатты өмір салтына баули отырып, спортқа баулу, – деді Қ.Жолдыбай. 

                                                                                                                         *    *     *

ӘКІМДЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЖҰМЫСҚА ҰЛТТЫҚ КИІММЕН ШЫҚТЫ

Түркістан облысында Наурыз мерекесі 10  күн бойы елдің еңсесін көтеретін игі іс-шаралармен өрнектеліп жатыр. 15 наурызға «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» деп айдар тағылып, барлық аудан, қалада әкімдер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмысқа қазақтың ұлттық киімін киіп келді. Ұлттық болмысымызды, мәдениетіміз бен киімімізді дәріптеуге арналған бастаманы қолдап Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай есеп беру кездесулеріне ұлттық нақыштағы шапанмен шықты.

Сондай-ақ, аудандық бөлім басшылары мен қызметкерлері, ауыл, қала әкімдері мен әкімдік ұжымдары да жұмысқа ұлттық киіммен келіп, бастамаға қолдау көрсетті. Мемлекеттік қызметшілер алдағы уақытта да ұлттық киім киюді дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.

                                                                                                                         *    *     * 

МЕРЕКЕЛІК МАРАФОН ӨТТІ

Шардара қаласында жасөспірім ұлдар және қыздар арасында Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар жоспары аясында «Наурыз – саулықтың кепілі» атты марафон жарысы өтті.

Іс-шараға 200-ден астам жасөспірім ұлдар және қыздар қатысты. Марафоншылар аудандық мәдениет сарайының алдынан орталық стадионға дейін жүгіріп, сайысқа түсті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы  медальдар мен сыйлықтар табысталды.

Спорттық шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, марапаттарды тапсырды.

                                                                                                                          *    *     * 

 

ҰЛТТЫҚ СПОРТ  ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ 

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай, ұлттық ойындарымызды дамыту, халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан өнерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттау және жастардың патриоттық сезімдерін ояту мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен наурыздың 16-сы күні Шардара-Абай тас жолының бойындағы атшабар алаңында жастар арасында қазақтың ұлттық «Теңге ілу» мен «Бәйге» ойындары бойынша сайыс өткізілді.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев ашып, «Бәйге», «Теңге ілу» ұлттық ойындары шеберлік пен жылдамдыққа, ең бастысы жылқыға, өз тарихына деген сүйіспеншілікті дамытатын ең әдемі және ең көрнекті, сонымен қатар, қазақ балаларының күшін, шеберлігі мен батылдығын тәрбиелейтін ұлттық спорт түрлерінің бірі, – деп қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Жаушықұм ауылының ақсақалы, ұлттық спорт жанашыры Амантай Қоштайұлы батасын беріп, додаға түсетін жастарға осындай жарыстардың  ұлттық құндылықтарымызды сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны зор екенін атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша «Бәйге» сайысында І-орынды Шардара қаласынан «Сарбаз» атты сәйгүлігімен Құдайберген Абдулла, ІІ-орынды Жаушықұмнан «Қаратай» торысымен Аязхан Мұрат, ІІІ-орынды Шардара қаласынан «Ақжайық» атымен Құдайберген Әбдірахман иемденсе, белсенділік танытқаны үшін Қ.Тұрысбеков ауылынан «Самолет» атты тұлпарымен Үсен Ерсұлтан марапатталды.

Сонымен қатар, «Теңге ілу» сайысы бойынша «Алғыр» номинациясымен Шардара қаласынан Құдайберген Әбдірахман марапатталса, үздік көрсеткіштерге ие болған Сейткәрім Нұрәділ, Құдайберген Абдулла, Бекжігіт Айбек, Қ.Тұрысбеков ауылынан Үсен Ерсұлтан жеңімпаз атанды. Жүлделі орынға ие болған ат иелері мен шабандоз балалар жеңіс тұғырында салтанатты жағдайда марапатталып, барлық қатысушылар да сый-құрметке ие болды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.