Сәуір айының 1-4 жұлдызы аралығында Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир болып өтті.
Биыл ХХІ-ші рет өткен халықаралық бокс додасына шет мемлекеттерден – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан жалпы 22 команда, 200-ден астам былғары қолғап шеберлері қатысты.
Биылғы бұл халықаралық бокс бәсекесінің ерекшелігі тұңғыш рет қыздар арасында 5 салмақ дәрежесінде қолғап түйістірілді, ұлдар арасында 13 салмақ бойынша жеңімпаздардың есімдері анықталды.
Бәсі жоғары бокс бәсекесіне шардаралық Ұлжан Сәрсенбек те қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғады. Нақты айтқанда, Ұлжан өз салмағында (57 кг) алтыннан алқа тағынып, мықтылығын мойындатты.
Айта кетейік, Ұлжан бұған дейін Азияның екі дүркін чемпионы атанды, бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарды.
Биылғы жылы 18 жасқа толатын жерлесіміздің келер жылы өтетін Олимпиада ойындарында өнер көрсететініне сенім білдіреміз.
Өз тілшімізден.